Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірде азық-түлік бағасы бақылауда

Өңірде азық-түлік бағасы бақылауда

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған шаралар бойынша кездесу өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен «Байқоңыр әлеуметтік – кәсіпкерлік корпарациясы» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев атқарылған шаралар туралы баяндады.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке қалыптасқан жедел статистикалық ақпараттарға сәйкес облыста әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 103,5% құрады. Республика бойынша бұл көрсеткіш 104,6% құрайды.

Жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары арасынан 12 өнімге баға жоғарыласа, 5 өнімге бағалар төмендеген, ал, 2 өнімге бағалар бірқалыпты сақталуда.
Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 4130,4 тонна өнім сатып алынды.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорындағы 2325,5 тонна өнім Қызылорда қаласында орналасқан 29 әлеуметтік дүкен мен 1 әлеуметтік маркетте және қала аумағында орналасқан «Мирас», «Аль-асад», «Анвар», «Ажар», «Қызылорда Оптомаркет», «Ақниет» ірі сауда орындарында сатылуда.

Сонымен қатар әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында облыс орталығында 5 әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың күзгі айларында тұрақтандыру қорын толықтыруға 1000 тонна картоп, 500 тонна басты пияз, 200 тонна сәбіз және 35 тонна қырыққабат және 68 тонна қарақұмық жармасын сатып алу жоспарлануда.

Соңғы уақытта облыста қарақұмық жармасының бағасы тұрақсыз қалыптасып келуіне және бекітілген 269 теңге шекті мәндерінен 15%-дан артып кетуіне орай, комиссиямен қарақұмық жармасына 313 теңге мөлшерде шекті рұқсат етілген бағасын бекіту жөнінде облыс әкімдігінің 2020 жылғы 1 қыркүйекте № 96 қаулысы қабылданды.

Ет өнімдерін тұрақтандыру мақсатында «KZO Ет» шаруа қожалығы қаланың 6 аумағында орналасқан жеке сауда орындарында сиыр етін 1600 теңгеден сатуда. Бұдан бөлек осы төмен бағадағы әрі сапалы ет өнімдерін қаладағы «Қызылорда», «Анвар» ірі сауда үйлерінде сатылымға шығару ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын бақылауда ұстауды және кәсіпкерлер тарапынан негізсіз өсірген жағдайда шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, дәстүрлі күзгі жәрмеңкелерін ұйымдастыру туралы тапсырма берді.
09 қыркүйек 2020 ж. 591 0