Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы артты

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы артты

Жаңа жыл басталысымен-ақ елдегі бірқатар са­лалардың табысы артатыны анық. Оның ішінде, медицина мен білім беру саласы да бар. Осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы медицина саласының қызметкерлері мен педагогтардың жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді өз жолдауында айтқан болатын. Осыған орай, биыл да жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар ұстаздар мен адам жанына араша түсер ақ халатты абзал жандардың айлық табысы тағы да көбейіп отыр. Бұл сала мамандарының жұмысына серпін берері сөзсіз.

Жыл басынан бастап балабақша, мектеп пен колледж педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға артты. 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 пайызға жетіп, мұғалімдердің табысы екі есеге артпақ. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жайт қазір ұстаздар қауымы жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы алады. Бұл мұғалім­дердің еңбекақысын есептеу коэф­фициенті өзгереді де­ген сөз. Яғни, ведомствоның мәлі­ме­тін­ше білім беру мекемелері ұс­таз­дар­дың лауазымдық ақысына 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап – 1,25 мөлшерінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде түзету коэффициенті қолданыла бас­тайды. Педагогтерге сынып немесе топ жетекшілігі үшін ай сайынғы берілетін үстемақы мөлшерлемесі де екі есеге көтерілмек. Бұдан бөлек, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50 пайызға дейін ұлғайған. Дәптер тексеруі мен сыныпқа же­текшілік еткені үшін алынатын үстемақы мөлшері де шамамен екі есеге артқан. Сонымен қа­тар, орыс мектептерінде қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдерді және керісінше, оқу ана тілінде жүретін мектептердегі орыс тілін бастауыш сыныптарда жүргізген мұғалімдерге қосымша ақы бүгінде 25 пайыздан 50 пайызға жоғарылатылды. Егер педагогикалық шеберлік біліктілігі болған жағдайда, ондай ұстаздар қауымы қосымша ақының тағы бір түріне қол жеткізе алады. Оның ішінде педагог-шеберге берілетіні лауазымдық ақының 50 пайызы болса, педагог-зерттеушінікі 40 пайыз, педагог-сарапшыныкі 35 пайыз, ал модераторлық 30 пайызға артады. Ғылыми дәрежесі бар ұстаздар қауымын да осындай ерекше құрмет күтуде. Министрліктің мәліметінше, орта білім беру ұйымдарының педагогтарына магистр академиялық дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленбекші.

Бұл жақсы жаңалық ақ халатты абзал жандарға да қатысты. 2023 жылға дейін медицина қызмет­кер­лерінің еңбекақысы да екі есеге артады. Осы тұста, ағымдағы жылы дәрігерлердің жалақысын кө­теру үшін бюджеттен 361 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Өткен жылы 247 медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға өскен. Нәтижесінде, дәрігерлер 319,9 мың теңге, орта медицина қызметкерлері 173,5 мың теңге ала бастады. Осыған қа­­тысты вице-премьер Ералы Тоғ­жанов 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын ор­таша жалақыға қатысты 2,5 есеге дейін яғни, (561 мың теңгеге дейін) ұлғайту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Осы мақсатта бюджеттен 2021 жылға – 222,3 миллиард теңге, 2022 жылға – 361,7 миллиард теңге, 2023 жылы 557,4 миллиард теңге қаражат бөлу көз­дел­ген.

Айдана ҚАЛИЕВА 
18 қаңтар 2022 ж. 330 0