Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Облыс әкімі құқық қорғау саласының қызметкерлері мен сарбаздармен кездесіп, блок-бекеттерді аралады

Облыс әкімі құқық қорғау саласының қызметкерлері мен сарбаздармен кездесіп, блок-бекеттерді аралады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметіне барып, құқық қорғау саласының қызметкерлері және сарбаздармен кездесті.

Басқосу алаңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан және әскери бөлімінің командирі Ербол Әбдірайм қатысты.

Аймақ басшысы полиция қызметкерлері мен сарбаздардың сын сағатта көрсеткен ерліктеріне алғысын жеткізіп, рухын көтеріп, күш-жігер беретін үндеу жасады.

- Құрметті құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери сарбаздар! Сын сағатта теріс ойдағы террористермен күресіп, елді қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге түсер қауіп-қатерге қарамай, күн-түн демей, азаматтарымыздың өмірін сақтауда жанкештілік танытқан Сіздерге алғысымыз ерекше.
Батыл және жедел әрекеттеріңіздің арқасында террористік шабуылға тойтарыс берілді. Халықтың өмірін сақтауда бүлікшілермен күресіп, 5 сағат бойы қорғау шараларын нық қадаммен атқарып, Отанға берілген анттарыңызды адал орындап, ерлік көрсетіп, қызметтеріңізді мінсіз атқардыңыздар!

Елдің тұтастығын сақтап қалу жолында батырлықтың жарқын жолын көрсетіп, қысылтаяң кезде шұғыл шешім қабылдаған облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанға және барша полиция қызметкерлеріне Сыр жұртының атынан алғысымызды білдіреміз.

Сондай-ақ, қоғамда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдар – арнайы мақсаттағы құрылым қызметкерлеріне және Ұлттық ұлан, Барлау полкі, Шекара қызметі және өзге де құрылымдарының сапында жүрген сарбаздарға шынайы ықыласымызды білдіремін.

Бірлескен әрекеттің арқасында бұл қиындықтан өтетінімізге сеніміміз мол!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдеріне қолдау білдіріп, күшіміздің бірлікте екенін дәлелдейік!

Елдің бірлігін сақтай отырып, мемлекет мүддесіне қызмет етейік! Біздің күшіміз бірлікте!, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде құқық қорғау саласының қызметкерлері мен сарбаздар саптық шеру өткізді.

Еске салайық, 5 қаңтарда орын алған экстремисттік топтардың террорлық шабуылынан 1 сарбаз қайтыс болды. Жарақат алғандардың қатарында полиция қызметкерлері бар. Қоғамдық тәртіпті бұзушылар 8 нысанды өртеді. Сондай-ақ, 32 қызметтік автокөліктің 24 өртенді, 8 - зақымдалды. 6 модульдік полиция пункті өртенді, 1 сынды. Құқыққа қарсы жасалған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Мұнан кейін, аймақ басшысы облыс орталығында орналасқан блок-бекеттердің жұмысын тексерді.

Облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздігін сақтау мақсатында 28 блок-бекет қойылды. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 4 блок-бекет бар. Барлық блок-бекеттерде сарбаздарға қажетті жағдай жасалған.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова блок-бекеттердегі тексеру жұмыстарын қатаң бақылауға алып, қоғам тыныштығын күзету бағытында жанкешті жұмыс істеп жатқан сарбаздарға алғысын білдірді.
12 қаңтар 2022 ж. 80 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам