Интернетсіз бір күн

Қазір «қалтафонның» қадірі артып тұр. Ол өміріміздің бір бөлшегі іспетті. Барлық тірлік сонымен бітеді, бүкіл шаруаны үйде отырып-ақ сонымен шешуге болады. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аласың, іздегеніңді де соның ішінен табасың. Пайдалы кеңесі де бар, пайдалы емесі де бар. Бас көтермей үңілесің, кей кезде түңілесің. Алайда, ішінен шықпайсың, уақыттың зымырағанын ұқпайсың.
Әйтеуір, әлеуметтік желі әлегінде жүріп бір күннің қалай өткенін білмей де қаласың.
Бұл құрылғы біреуді ғажап қылудың, енді біреуді мазақ қылудың құралына да айналды. Әнеугүні көрші тұратын көкем «Тойға бара қалсақ, бір орында тапжылмай отырып, астан дәм татып қана келетін болдық. Қатарластарыңмен көңіл көтеріп, билей қояйын десең «сто грамнан» бір-ақ шығасың. Одан тыныш отырған жақсы» деп еді. Кейіннен барып түсіндім. «Сто грам» дегені инстаграм екен. Еріксіз күлдім. Бірақ көкемнің сөзі жөн. Бүгінде бәрінің аңдығаны – біреудің ыңғайсыз жағдайға тап болуы. «Біреудің ар-намысына кір келеді-ау, көңіліне кірбің ұялатамын-ау» деп жатқаны жоқ. Тығырыққа тірелсе де, қиналса да көмек қолын созудың орнына ұялы телефонға түсіріп, елге таратқаны «олжа» оларға. Осының салдарынан адам баласы адамгершіліктен ада болып бара жатқандай.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ