Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҚЫЗЫҚ, Ә!

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҚЫЗЫҚ, Ә!

Балалық шақ қызық, ә! Есіңе алсаң, еріксіз күлесің. Таң ата ұйқыдан көзіңді тырнап ашып, сыртқа ентелей атып шығасың. Құдды, бірдеңеден қалып қойғандай...
Артыңнан іні-қарындас бірге шығады. Сен екіпіндей жүгірсең, олар сүрініп, шалынып ізіңнен азынай ергені. Әйтеуір, бір топ бала жиналған жерге бір қолындағы нанын ұстап, екінші қолының білегімен мұрнын бір жүргізіп, жетіп келеді. Содан таңның атысы, кештің батысы ауылды шаңдатып, асыр салып ойнайсың. Бала кезде бізге салса түнімен ойнай бергің-ақ келеді. Алайда, кеш батысымен анамыздың айқайы амалсыздан үйге қарай беттетеді. Таңда киген таза киімнің кешкісін алба-жұлбасы шығып, кір қожалақ үйге енесің. Біреудің асарынан келгендей сілелеп жүріп беті-қолды жуғандайсың. Артынша, тамақ ішер-ішпестен отырған жерде қисайып, ұйқыға кетесің. Таң атады. Бірдеңеден қалғандай тағы үйден атып шығасың...
Балалық шақтың тағы бір қызығы – ол ата-ана бір жерге жұмсаса, дәл уақытында келмейтінің. Жұмсап жатқанда «Бір аяғың сонда, бір аяғың мұнда болсын» деп нұқып жібереді. Ал есік алдынан шыға бере бала көңіл оны ұмытып та кетеді. Жолай асыр салып жүрген балаларды көріп, қызығы бітпес ойынға еніп кетесің. Құмарың қанғанша ойнайсың. Содан ата-ананың жұмсағаны еске түсіп, тез арада діттеген жерге барып, тапсырманы орындайсың. Ал үйге жақындай бергенде есік алдын аңдып, қораға қарай ытқып өтесің. Ал келгеніңді көрген ана қолына ілінгенімен қуалайтыны бар. Кінәлісің, сол үшін таяқ жейсің. Ертеңіне тағы жұмсайды. Баласың. Кешегіні бүгін ұмытып кетесің. Шаңдатып жүрген ауыл балаларының арасында қайта жүрсің... Қызық, ә!

Сыр баласы
01 маусым 2019 ж. 2 926 0