Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғаламторсыз күнің жоқ

Ғаламторсыз күнің жоқ

Бұрын ұйқыдан оянған адам керіліп-созылып, ұйқысын ашу үшін тысқа шығып, таза ауамен тыныстайтын. Ал бүгінде көзін тырнап ашатын жұрт бірден ұялы телефон ішіндегі әлемге еніп кететін болған.
Таң атпастан әлеуметтік желі­нің желегіне түсіп, WhatsApp-тан келген хабарламалар бәрінен маңыздырақ. Таңның атысы, кеш­тің батысы сол қалта құрыл­ғысына үңілген күйі ғаламтор желісінен шыға алмай, тіпті, түн жарымға дейін жастанып жату әдетке айналған. Шынайы өмірден гөрі телефондағы жаңалықтар қызық бола түскен. Оның жетегіне іліккен жан «байлаулы баспақ» секілді шырмауынан шыға алмайды.
Қазір «қалтафонның» қадірі артып тұр. Ол өміріміздің бір бөлшегі іспетті. Барлық тірлік сонымен бітеді, бүкіл шаруаны үйде отырып-ақ сонымен шешуге болады. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аласың, іздегеніңді де соның ішінен табасың. Пайдалы кеңесі де бар, пайдалы емесі де бар. Бас көтермей үңілесің, кей кезде түңілесің. Алайда, ішінен шықпайсың, уақыттың зы­мы­рағанын ұқпайсың. Әйтеуір, әлеуметтік желі әлегінде жүріп бір күннің қалай өткенін білмей де қаласың.
Бұл құрылғы біреуді ғажап қы­лудың, енді біреуді мазақ қы­лудың құралына да айналды. Әнеугүні көрші тұратын көкем «Тойға бара қалсақ, бір орында тапжылмай отырып, астан дәм татып қана келетін болдық. Қатарластарыңмен көңіл көтеріп, билей қояйын десең «сто грамнан» бір-ақ шығасың. Одан тыныш отырған жақсы» деп еді. Кейіннен барып түсіндім. «Сто грам» дегені инстаграм екен. Еріксіз күлдім. Бірақ көкемнің сөзі жөн. Бүгінде бәрінің аңдығаны – біреудің ыңғайсыз жағдайға тап болуы. «Біреудің ар-намысына кір келеді-ау, көңіліне кірбің ұялатамын-ау» деп жатқаны жоқ. Тығырыққа тірелсе де, қиналса да көмек қолын созудың орнына ұялы телефонға түсіріп, елге таратқаны «олжа» оларға. Осының салдарынан адам баласы адамгершіліктен ада болып бара жатқандай.
Негізі, алғашында қалта құрылғысы жылдам хабар алуға қолайлы болды. Кейіннен барып ғаламтор желісі еніп, соның әсерінен құны артты. Түрлі ба­ғытта пайдасы көбейіп, қолда­нысы кеңейді. Оңай жұмыс та осының ішінен табылды. Соның әсерінен, қазір бас алмай үңілетін халге жеттік. Қалта телефонынсыз бір күн өтпейтін болды.
Ғаламторы болған соң «қал­тафонды» қолымыздан түсірмей­міз. Осы ғаламтор, яки интернет ғаламда, ғаламда болмаса да Қазақстанда бір күн жұмысын тоқтатса, не болады екен дей­мін?! Кезіндегі тәулік бойына жарық болмаған секілді бір күн интернет істемей қалса... Әй, бір қызық болар... Қызық болғанда, ең алдымен, миға түсетін салмақ жеңілдеп, бір демалып қалар. Адамдар да айналасына көз салып, жанындағылармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қалар бәлкім. Оның үстіне, адам жүрегі секілді тәулік бойына тоқтамастан жұмыс істейтін телефондар да бір «уһһ» деп алар ма еді?! Әйтеуір, бір күн болса да адам телефоннан тынығатыны сөзсіз.
Шынында, ғаламтор бір күн жұмысын тоқтатты делік. Әуе­лі, түнімен телефон әлеміне кір­меген адамның ұйқысы қанық болары белгілі. Таңертең ұйқысы шайдай ашылып, бірден қалта құрылғысына ұмтылмай, таза ауамен терең тыныстап, көңіл-күйі де ерекше болмақ. Ми да тыныққан, ой да сергек. Жұмыс істеуге деген құлшыныс та жоғары. Бәлкім, уақыт өтпейтіндей сезілер. Бірақ бұл отбасына, дос-жаранға деген уақыттың көптігін білдірсе керек. Тұрсынбек Қабатов айтқандай, білтелі шамның аясына жиналып, отбасымен бірге әңгіме айтып, тәрбиеге көп көңіл бөлінер ме еді?! Түбінде, сол интернетсіз бір күннің адамға тигізер пайдасы көп екені сөзсіз.
Бірақ мұндай жағдайдың орын алуы қайда? Бір күн емес, бір сағат интернет істемей қалса, қалта телефонды қайта-қайта қосып, байланыс абоненттерін түгендеп шығатындар көп. Бір нәрседен қалардай өзін қоярға жер таппайтындар да бар. Ақыры, айналасы бір-екі сағат ішінде қайтадан ескі әуенге басып, сол телефон ішіндегі әлемде жүреді. Бұл қанға сіңіп барады. Бүйте берсе, бара-бара не боларын топшылаудың өзі қорқынышты.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
14 сәуір 2020 ж. 695 0