Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ


Амбулаториялық емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК ұжымында әз-Наурыз мерекесі керемет ұйымдастырылды. Мерекеге арнайы шақырылған ардагерлер мен қонақтарды асхана қызметкерлері, яғни ас дайындау шеберлері кіре-беріс қақпадан күтіп алып, Ұлыстың Ұлы күнінің басты тағамы – жеті дәмнен пісірілген Наурыз көже ұсынды. Мекеме көркемөнерпаздары мереке құрметіне ән мен жырдан шашу шашты. Мұнан соң мереке емхана ғимаратының үшінші қабатындағы кең фоеде жалғасты. Аумағы әжептәуір бұл орында Ұлыстың Ұлы күні мерекесін өткізуге лайық екені көрініп тұрды.
Мерекелік кешті аудан әкімінің орынбасары Б.С.Өтегенова құттықтау сөзбен ашты. – Көктемнің Ұлық мерекесі ауданның 40 мың халқының денсаулығы күзетінде тұрған дәрігерлер қауымының арасында жоғары дәрежеде өткізіліп жатқаны қуанарлық жәйт. Бұл сала бойынша аудан аймақта алда тұр. Сіздерді аудан әкімі атынан Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым абырой биігінен көрінулеріңізге тілектестігімді білдіремін,-деді Балшекер Сұлтанбекқызы. Аудан әкімінің орынбасары медицина саласының бір топ ардагерлерін аудан әкімінің «Құттықтау хатымен» марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ ынтымақты ұжымды аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы бастаған түрлі саланың ардагерлері әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар ұжымға жаңарған, жасарған деген баға берді. Осыған орай аудандық аурухана бас дәрігері Нұржамал Жұмағалиқызы ұжымның жаңаруы мен жасаруының мәні бірлікте екендігін айтты.
Сонымен «Қош келдің – Наурыз» атты мерекелік кеш бөлімшелер арасында сайыс түрінде басталды. Барлығы 11 бөлімше, әрқайсысы бір-бір ұлт пен ұлыстың өнері мен дәстүрін дәріптейтін сахналық көріністер көрсетті. Сахналық қойылымдар қызыл-жасыл киінген бас дәрігер орынбасарлары мен бөлімше меңгерушілерінің мың бұралған билерімен ашылды. Қай бөлімше болмасын өзі таңдаған ұлттың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлерін көңілдегідей бейнелеп, ұлттық тағамдарын дайындауда да шеберлік танытты. Осыдан барып мерекелік кешті тамашалаған ардагерлер «Наурызды жасаса, аурухана жасасын» деген ұйғарымға келді.
Сайыс қорытындысында бірінші орынды әзербайжан ұлтын бейнелеген жалпы дәрігерлер тәжірибесі бөлімшесі жеңіп алды. Екінші орынды бауырлас халық – түріктерді сахнаға шығарған функционалдық бөлімше иеленді. Үшінші орынды ұйғыр халқын бейнелеген терапия бөлімшесі еншіледі. Ал, өз ұлтымыздың ерекшеліктерін жан-жақты көрсеткен шаруашылық қызметкерлері төртінші орынды иеленді.
Сөйтіп жан-жағына мейірім шуағын шашқан әз-Наурыз мерекесін ауданда өзіндік орны бар ұжым жоғары дәрежеде атап өтті.

Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ
27 наурыз 2018 ж. 1 095 0