Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Кәсіпкерлер палатасы кімдерді оқытады?

Кәсіпкерлер палатасы кімдерді оқытады?


2018 жыл «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленгені белгілі. Сондықтан аудандық газет бетінде «Кәсіпкер» айдарын ашып, онда кәсіпкерлік саласына қатысты мекемелердің, жергілікті атқарушы органдар басшыларымен және сала мамандарымен сұхбаттар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ аудан көлемінде өз кәсібін ашып, жетістікке жеткен немесе кәсібін енді ашқан кісілерге бағыт бағдар беру мақсатында, тәжірибесімен бөлісу жөнінде әңгі­мелесулер ұйым­дастырмақшымыз. Бүгін әңгімемізді кә­сіпкерлердің арнайы оқытудан өтуі үшін неден бастауы керек, кәсіпкерлер палатасы кімдерді оқытады, деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. біздің сұрағымызға ҚР ҰҚП Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы аудандық филиал директоры Фархат Әбжаппаров жауап береді.
– Кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға қатысты қандай біліктілік курстары бар және оған кімдер қатыса алады? Мәселен, Кәсіпкерлер палатасымен өткізілетін «Бизнес кеңесші» курсы кәсіпкерлерге не береді?
– «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес «Бизнес мектеп» жұмыс атқа­рады. «Бизнес мектептің» мақ­саты кәсіпкерлік негіздері бойын­ша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар бұл екі күндік қысқа мерзімді «Бизнес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курсты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек, қандай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жылжу керек деген сиықты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей тоқырауға ұшырауы мүмкін. осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады.
Кәсіппен айналысатын азаматтарға барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қойылатын міндетті шарт – кәсіпкерлік негіздерін оқығандығы туралы сертификаттың болуы. Көп жағдайда «Бизнес кеңесші» курсын «Бастау бизнес» жобасымен шатастырып жатады. Бұл екеуінің айырмашылығы өте зор. Мысалы, «Бизнес кеңесші» екі күндік қысқа мерзімді курс, «Бастау бизнес» бір айлық кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін үйрететін толық курс. «Бастау бизнесті» оқыған азаматтар біржола бизнес жоспарларын әзірлеп, оны қорғап несие алуға біртабан жақындайды.
«Бизнес кеңесші» оқытқанда біз тек бастапқы негізгі ұғымдармен таныстырамыз. Мұнан өзге «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Оқуға шектеу қойылмаған.
– «Бизнес өсу» курсын да Кәсіпкерлер палатасы оқы­тады ма?
– Иә, «Бизнес өсу» курсын да Кәсіпкерлер палатасы өткізеді. Қысқа мерзімді курс болып табылады. Оқу 5 күндік мерзімді қамтиды. «Бизнес өсу» курсын ұйымдастырмас бұрын біз шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында алдын ала сауалнама жүргіземіз. Сауалнама жүргізудегі мақсатымыз – алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілеріне біліктілігін арттыруға қажетті тақырыптар мен бағыттарды анықтау. Биыл да сауалнама жүргізіп, осы жылы өткізілетін курстың тақырыптық бағытын анықтап алдық. Бірінші орында іскерлік кездесулер, маркетинг тақырыбы, мұнан кейінгі орындарда бизнес жоспарлау және персоналды басқару тақырыптары. «Бизнес өсу» курсының «Бизнес кеңесшіден» айырмашылығы: біріншіден, тақырыптарды алдын ала сауалнама арқылы анықтауға болады. Екінші айырмашылығы, «Бизнес өсу» курсына тек қана «Бизнес кеңесші» курсынан өткен, сертификаты бар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. «Бизнес өсу» курсынан өткен азаматтарға да сертификаттар беріледі.
– «Жобалық оқыту» курсы деген не?
– «Жобалық оқыту» - өте қы­зық­ты, ұзақ мерзімді курс. Оқу ұзақтығы 2 ай мерзімді қамтиды. Жыл басында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірге тақырыптар бекітіледі. Биылғы жылы біз арнайы сауалнама жүргізу, кәсіпкерлермен пікірлесу арқылы қандай бағыттарға сұраныс бар екенін анықтадық. Биылғы жылға 7 тақырып бекітілді. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын ашу бар, тігін цехтарын ашу, баспахана ашу, оқу орталығын ашу сынды тақырыптар қамтылған. Жобалық оқыту курсының ерекшелігі - шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болуы қажет немесе қатысушы азаматтың міндетті түрде «Бизнес кеңесші» оқу курсын бітіргендігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұл бірінші ерекшелігі. Екіншіден, «Жобалық оқытуда» таңдалған бір тақырыпқа бірнеше кәсіпкер бірігіп оқиды. Кәсіпкерлерге дәрістерді бизнес-тренерлермен қатар сол салада 3 жылдан астам тәжірибесі бар, озық кәсіпкерлеріміз дәріс беретін болады. Тек дәріс беріп қана қоймай, осы кәсіптің ішкі «кухниясын» көрсету үшін тыңдаушыларды кәсібіне, шаруашылығына апарып көрсетеді. Қандай қиыншылықтары болды? Жетістікке қалай жетті? Кәсібін неден бастады? Қандай кедергілерге кездесті? Қалай жеңіп шықты? Жаңа құрал-жабдықтарды қалай, қайдан және қайтіп таңдау қажет? Міне, осы сауалдар аясында теориялық білім берумен қатар, өзінің өндіріс орнын көрсете отырып, тәжірибе жүзінде де көрсетеді. Бұл – кәсіпті жаңа бастап немесе кәсібінің бағытын өзгертемін деген кәсіпкер азамат үшін таптырмайтын мүмкіндік және үлкен тәжірибе. Мұнан өзге, бұл курстардың барлығы да ТЕГІН өткізіледі.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
14 ақпан 2018 ж. 2 527 0