Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғыру жолындағы Сырдария

Жаңғыру жолындағы Сырдария

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар ел – өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда пандемиядан кейінгі кезеңдегі қоғамның даму бағыттарын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Жолдауда нақтыланған міндеттерді орындау мақсатында облыс көлемінде, соның ішінде Сырдария ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Әсіресе, экономика, денсаулық, білім, әлеуметтік салаларда қолға алынған шаруалар баршылық. Аудан туралы мақаланы syrboyi.kz ұсынады.

Әлемді жайлаған індет, оның салдары барлық салаға да оңай соққан жоқ. Республикадан бастап облыс, қала берді аудан экономикасына да елеулі әсер етті. Оған қоса су тапшылығы да біраз шаруаның қиюын кетіріп, қиындық келтіргені белгілі. Дегенмен, қабылданған іс-шаралар мен аудан халқының бірлігі, шаруалардың тынымсыз тірлігінің арқасында пандемиядан кейінгі экономиканы тұрақтандыруға қол жеткізілді. Биылға арналған аудандық бюджет 12 млрд теңгені құрады. Оның 63 проценті әлеуметтік салаға бағытталған. Экономикаға тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты.  Биылғы 11 айда ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7,3 млрд теңгенің өнімін өндірсе, өңдеу саласында өнім өндіру былтырмен салыстырғанда 49,3 процентке артқан.

Аграрлық сала – ауыл өзегі

Жалпы ауыл шаруашылығы саласы ауылдың негізгі өзегі екені белгілі. Ал, Сырдария – аграрлық аудан.  Осы орайда мұнда дәнді, майлы дақылдар, бақша өнімдері және көкөніс, картоп егіледі. Сонымен қатар ет және сүт бағытындағы мал өсіріледі. Жыл басынан бері аталған саланың барлық бағытында өсім бар.
– Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 21,5 млрд теңгені құрады. Биыл ауданда егіншілер 33220 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Нақтырақ айтсақ, негізгі дақыл – күріш  20877, жаздық бидай 1500, арпа  84, мақсары  162, соя 34 гектарға егілсе, сүрлем жүгері 75 гектар, жаңа жоңышқа 1871, ескі жоңышқа 7751 гектар жерге егілді.  835 гектар жерге картоп, көкөніс, басқа да бақша дақылдары егіліп, 20 мың тоннадан астам өнім алынды. Аудан бойынша барлығы 133,6 мың тонна күріш салысы жиналды. Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне 1,8  мың тонна ақ күріш экспортталды, – дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

Ауданда егін шаруашылығымен бірге атакәсіп – мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Бүгінде 34,6 мың  ірі қара,  28,8 мың  қой мен ешкі, 16,5 мың  жылқы, 1,5 мың  түйе, 13,2  мың құс өсірілуде.

– Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл көлемінде 707,4 млн теңгеге екі мың бас мал алынды. Бұл өз кезегінде мал басын 5,3 процентке көбейтуге ықпал етті. Есепті мерзімде 3193,5 тонна ет, 5851,4 тонна сүт, 155,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. Айта кету керек, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде Сырдария ауданы күріш, ет, сүт, картоп өнімдерімен өзін-өзі толықтай және Қызылорда қаласын ішінара қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, биыл 310 гектарға егілген картоптан 6572 тонна өнім алынды. Бұл аудан халқын картоппен қамтуға жеткілікті, – деп атап өтті аудан әкімі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәрін бірыңғай бақылау жасау қажет» деген болатын.  Мемлекет басшысы нақтылаған мәселеге орай, елдегі фермерлерге өздері өндірген өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға мейлінше көмектесу мақсатында ауданда «Егістіктен дүкенге дейін» пилоттық жобасы қарқынды дамуда. Жоба аясында Бесарық және Іңкәрдария ауылдарында ауылшаруашылық кооперативтерін жандандыру жұмыстары қолға алынуда. Бүгінде жергілікті жерге қолайлы картоп тұқымын егу үшін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргізуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін бір нүктеден сататын дүкен ашу мақсатында Қызылорда  қаласынан 5 жер учаскесі сұратылуда. Мұрат Нәлқожаұлының айтуынша, бұл егін басынан жеткізілген өнімдерді тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну үшін қолданылады.

Мемлекеттік бағдарламалар игілігі

Ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалу барысы да көңіл қуантады. Мәселен, 11 айда құны 2,9 млрд теңгені құрайтын 520 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, 450-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 90 кәсіпкерлік субъектісі екінші деңгейлі банктерден 505,1 млн теңге несие алып, жұмыс жасауда. Осы бағдарламаның қайтарымсыз грант беру тетігі арқылы  8 жоба  23 млн теңгеге қаржыландырылған. Ал «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы 21 кәсіпкерлік субъектіге 90 млн теңге несие берген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ және жеке қаражаттары есебінен 1 млрд 300 млн-нан астам теңгеге 53 техника алды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 428,2 млн теңгенің 83 жобасы несиелендірілген. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау, монша ашу, қажетті техникалар алу секілді жобаларды қамтиды. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 235 адамға 137 млн теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен 14 кәсіпкерлік субъектісі 49 млн теңге несие алған. Сондай-ақ, «Агробизнес», «Кеңдала» және «Сыбаға» бағдарламалары бойынша да 12 кәсіпкерлік нысаны 316 млн теңге несие алып, жұмыс жасауда.

Сырдария ауданының басты бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыта отырып, өзін-өзі қамтитын азаматтарға қолдау көрсету. Бүгінде аудан бойынша 2593 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның жұмыс жасап тұрғаны – 2420, яғни, 93,3 процентті құрайды. Бұл былтырмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысанының 5,6 процентке өскенін көрсетеді.

Баспанамен қамтудағы батыл қадамдар

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп халқымыз бекер айтпаған. Ауданда тұрғындарды баспанамен қамтуда батыл қадамдар бар. Мәселен, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын жай сатып алуға 572,2 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталған. Нәтижесінде мемлекет есебінен 43 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Одан бөлек, жеке тұрғын үй секторында 329 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

– Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын жүргізу мақсатында 135 гектар жер бөлініп, ауызсу және электр желілері толық жүргізілді. Қазіргі кезде жол құрылысын жүргізу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Жұмыстар аяқталғанда 645 жер учаскесі бөлінетін болады. Бұл тұрғындарды баспана салуға ынталандыруда, – дейді аудан әкімі.

Ауызсу, жол, жарық, табиғи газ

Сырдария  –  ауызсу мәселесі толығымен шешілген бірден-бір аудан. Ал, автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 480 шақырымды құрайды. Аудандық маңызы бар жақсы жолдардың үлесі 92 процентке жеткен.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын жол құрылысы бойынша 467,5 млн теңгеге 5 жоба қаржыландырылды.  Атап айтқанда, 36,8 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі Бердіқұлов,  А.Иманов көшелерін  күрделі жөндеуге 342,5 млн теңге, Ақжарма ауылындағы Есентұров көшесіне 46,2 млн теңге және Балапанов көшесін орташа жөндеуге 22,9 млн теңге қаралса, А.Тоқмағамбетов ауылындағы М.Мәметова көшесін орташа жөндеуге 19,1 млн теңге бөлінген.

Ауданға қарасты елді мекендер электр желілерінің 70 процентінің тозығы жеткен. «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы ұсынылатын жобалар қатарында Сырдария ауданы бойынша Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдарына қатысты 744,2 млн теңгеге жоба ұсынылған. Бірінші  кезеңде жаңғырту жұмыстарын Қоғалыкөл мен Аманкелді ауылында жүргізу жоспарланды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 40 млн теңгеге 1,6 шақырым жол жарықтандырылған.

Ауданды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көптің көкейінде жүрген мәселе болатын.  Тереңөзек кентінде  36 әлеуметтік нысан мен 1300 тұрғын үйді, яғни, кентті газбен қамтамасыз етуді 30 проценттен 60 процентке жеткізу жоспарланған-ды. Қазіргі кезде кенттің 70 проценті «көгілдір отын» игілігін көруде. Сонымен қатар газдандыруда жобадан қалып қойған және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырын жеткізу мақсатында республикалық бюджеттен 129 млн теңге  бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыспен қамту басты назарда

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау.  Биыл 1149 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып,  11 айда 2040-ы ашылған. Есепті кезеңде 350 отбасына 75,5 млн теңге әлеуметтік көмек берілген. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша 235 адам қамтылған. Былтыр  жұмыспен қамту орталығына 3731 адам хабарласып, оның ішінде 1146 адам жұмысқа тартылған. Ал, биыл хабарласқан 3177 адамның  2681-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның ішінде 1011-і жұмыспен қамтылған.

Нәтижелі  жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының біінші бағыты бойынша былтыр «Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға» 35 адам қатысып, грант иегері атанды (игерілген қаржы 8244,0 мың теңге). Биыл  кәсіптік оқу болмаған. Екінші бағыт  бойынша былтыр «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігіне жоспарланған 350 адам грантқа ие болса, биыл  200 адамға  116096,6 мың теңгенің гранты берілген.

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсына аудан бойынша былтыр 177 адам онлайн режимде оқуды аяқтап сертификаттарын алса, биыл  232 талапкер оқуды аяқтаған. Сонымен бірге бағдарлама аясында «Шағын несиелендіру» тетігі бойынша  былтыр 121 тұрғынға  4999,9 мың теңге көлемінде несие берілсе,  биыл   67 адам  276 446,3 мың теңге несие алды.

Жыл басынан 65 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. 40-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 21-і қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар тәжірибесіне жіберілген.

Сапалы білім – жарқын болашақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі басымдығы сапалы білім беруге арналған. Бұл – ұлт болашағы үшін өте маңызды әрі стратегиялық құнды басымдық. Аудандағы 17 мектептің 16-сы типтік, біреуі ыңғайластырылған. Апатты жағдайдағы және үш аусымдық мектеп жоқ. 17 білім ұясының 5-і – инновациялық мектеп-лицей. Білім беру ұйымдары түгелімен интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ, ауданда 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі  тәрбиемен  толық қамтылып отыр.  Ал 3 жасқа дейінгі балалардың  балабақшамен қамтылуы 20,4 процентті құрайды.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы да уақыт талабына сай жабдықталуда. Мәселен, 16 мектеп физика, 12 білім ұясы химия, 10 білім ошағы биология  жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған. Сонымен бірге 8 мектепте робототехника, 17 білім беру ұйымында мультимедиа кабинеттері жарақтандырылған. Биыл облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлініп, 2 физика, 3 химия кабинетін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Өткен оқу жылында аудан бойынша 387 оқушы мектеп бітірсе, оның 326-сы, яғни, 84,2 проценті ҰБТ-ға қатысқан. 39 түлек «Алтын белгі», 17 бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанған. Конкурсқа қатысқан 289 талапкердің 257-сі мемлекеттік грант иегері атанды.

Ауданда жастар саясатын жүзеге асыру жолға қойылған. Жастарды ынталандыру, үздіктерді анықтау, оларды жігерлендіру мақсатында 10 адамға аудандық «Өрлеу» сыйлығы тағайындалды.

Денсаулық кепілі – дене шынықтыру

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру» бағытында денешынықтыруға, спортпен шұғылдануға жағдай жасау керектігі туралы нақты айтылды. «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын» деді Президент Жолдауда.

Бұл орайда Сырдария ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданда спортпен шұғылданушыларға әртүрлі деңгейдегі 130 нысан қызмет көрсетсе, 574 дене шынықтыру және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Оқушылар мен тұрғындарды қоса есептегенде ауданда 13126 адам спортпен жүйелі айналысуда. Бұл аудан тұрғындарының 34 процентін құрайды.

Келер жылға да жоспар көп. Қазіргі кезде құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру мақсатында тиісті басқармаларға өтінімдер жолданған. Солардың бірі – аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ғимараты алаңына жаттығу және стритбол алаңын салу.

Сәні мен салтанаты, бірлігі мен тірлігі келіскен  Сырдария ауданында алдағы уақытта да серпінді жобалар, тың бастамалар жалғасын таба бермек.


Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі



26 желтоқсан 2021 ж. 268 0