Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімінің мерекелік құттықтауы

Облыс әкімінің мерекелік құттықтауы

Қадірлі сырбойылықтар!
Сіздерді еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – біз үшін ең асыл, баға жетпес киелі құндылық!

Елбасы сөзімен айтсақ, «Ол – ата-бабаларымыздың  азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берген сыйы».
Біздің бүгінге дейін жеткен жетістігіміздің барлығы осы Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асқаны белгілі.

Егемен еліміз Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен дүниежүзілік картада өз орнын қалыптастырды, ең дамыған 40 елдің қатарына қосылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік!», - деп айқындай түсті.

Міне, енді, Тәуелсіз еліміздің отызыншы белесін қорытындылап, тарихтың жаңа парағы басталмақ. Бұл – бәріміз үшін өткенді таразылап, болашаққа бағыт түзейтін жауапты шақ.

Тәуелсіздіктің  30 жылы ішінде Сыр елі индустриалды-аграрлық өлкеге айналды.
Ғасыр жобасы болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жүзеге асты.

Қасиетті де киелі Қорқыт Ата жерінен қазақтың үш азаматы - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов ғарыш кеңістігін бағындырды. Ға­­­рыш­тық құрылымдар мен Байқоңыр қаласының инфра­құрылымы жүйеленді.

Аймағымыз үшін маңызы зор «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізінің 812 шақырымы Қызылорда жерінде болуы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 2,5 есеге арттырды.
Өңір экономикасына 4 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға артты.

Күріштің 10-ға тарта сорты шығарылып, оның өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге өсті.

Мал саны 1991 жылғы деңгейден асса, соның ішінде ірі қара малы 1,5 есеге, жылқы басы 2,3 есеге артты.
Балық шаруашылығы жанданды. Саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасына сәйкес тауарлық балық көлемі 16 мың тоннаға дейін жетіп, 100 есеге ұлғайып, балық өнімдерінің экспорты  2 есе - 8,5 мың тоннаға дейін өседі.

Өңіріміз жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктер қатарында.

8 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден 600 мың шаршы метрге жетті. 

Халықтың 97 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, өңіріміз жоғарғы көрсеткіштердің бірін көрсетуде.

Жыл соңына дейін табиғи газды халықтың 67 пайызы пайдаланатын болады.

Бірнеше жүздеген білім, медицина, мәдениет, спорт ғимараттары, әлеуметтік  нысандар бой көтерді.
500 мыңнан астам бала дүниеге келсе, халықтың саны 825 мыңнан асты, өмір сүру ұзақтығы 8 жылға артты.

Биыл ұлық мереке қарсаңында Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы бірегей Шыны зауытын іске қостық. Енді оның айналасында қосалқы өндірістер дамитын болады.

Жыл соңына дейін Жаңақорған ауданында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальцийленген сода зауыты құрылысын бастауға дайындық жүруде.

Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орны игерілуде,  биыл ферромолибден өнімін өндіруді бастаймыз.

Ауыл шаруашылығы өндірісі әртараптандырылып, өз өнімдерімізді өндіре бастадық.

Биылғы спорттағы басты жетістігіміз - Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушысы, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев қола жүлдегер атанды.

Қымбатты жерлестер!
Бабадан қалған «Бірлік түбі - береке» деген сөз бар.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуы жолындағы игілікті еңбектеріңіз табысты бола  берсін!
Әрбір отбасына амандық, саулық, елімізге тыныштық тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын!      

 Г.Әбдіқалықова,

Қызылорда облысының әкімі 
16 желтоқсан 2021 ж. 293 0