Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Волонтерлердің мәлімет қоры жасақталды

Волонтерлердің мәлімет қоры жасақталды

Биыл облыста «Сыр волонтерлері» волонтер жастармен жұмыс жасау орталығы ашылды. Бүгінде 1000-нан аса волонтерлердің мәліметтер қоры жасақталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
«Өңірде волонтерлер тобын құру және оның қызметін ұйымдастыру бойынша «Bilim», «Saýlyq», «Sabaqtastyq», «Qamqor», «Taza Alem», «Asyl mura», «Úmіt» бағыттарына сәйкес түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанында облыстық волонтерлер слетін өткіземіз. Аталған шара аясында интеллектуалдық сайыстар, диалогтық алаң, мәдени орындар мен мұражайларға саяхат ұйымдастырылады. Шара соңында «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын марапаттау рәсімі өтеді», – деді «Ай-Қанат» ҚБ атқарушы директоры Ардақ Әукенов.
Аймақта облыстық волонтерлер фронт-офисынан бөлек барлық аудандарда да фронт-офистер жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» марафоны, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы аясында 1476 шара ұйымдастырылса, аталған шараларға 61660 тұрғын қамтылған.
«5 мыңнан астам мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 3 мың отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары, мүгедектігі бар азаматтар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 58 компьютер мен 2 ноутбук табысталды», – деді облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.
15 желтоқсан 2021 ж. 251 0