Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада үш волонтерге халықаралық сыйлық табысталды

Қызылордада үш волонтерге халықаралық сыйлық табысталды

Қызылорда облысында үздік 3 еріктіге «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта игі бастамаларға қолдау білдіріп жүрген 1000-ға жуық волонтер бар. Оларға қолдау білдірген салтанатты жиында әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер тобының еңбегі жоғары бағаланды.

Олардың арасынан белсенділігімен көзге түскен азаматтарға халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығы табысталды. Осындай марапатқа ие болғандар қатарында «Жылы жүрек жастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сағатбек Сиюов, Қармақшы аудандық аурухана бөлімінің бас акушері, волонтер Әсем Мерекова мен К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маманы, волонтер Айдынбек Скендиров бар.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова пандемия кезеңінде қоғамдық қызметтің бел ортасынан табылған аталған азаматтарға «Халық алғысы» төсбелгісін табыстады. Мұндай құрметке «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і директорының орынбасары Талғат Тілес, «Jas Otan» Жастар қанаты» облыстық филиалының кеңесшісі Асем Какарманова, «Өңірлік коммуникациялар орталығы» КММ-нің маманы Ержан Жамбыл ие болды.

Айта кетейік, Қызылорда облысы елімізде алғашқы болып 700-ге жуық еріктіні біріктіретін «Сыр еріктілері штабын» құрды. Мемлекет басшысының қолдауымен мыңнан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Еріктілер мен кәсіпкерлер тарапынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға 11 баспана салынды. «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына көмек көрсетілді.
09 желтоқсан 2020 ж. 421 0