Ел егемендігіне – 30 жыл
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Аудандық мәдениет үйінде өткізілген салтанатты кеште аудан басшысы сырдариялықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Тәуелсіз ел атанған сәттен бері ауданда 72 нысан бой көтеріп, халыққа қызмет етіп келеді. Олардың қатарында білім ошақтары, мәдениет үйлері мен спорт кешендері, балабақшалар мен емхана нысандары салынды. Сонымен қатар аудан бойынша көпірлер мен әкімшілік ғимараттар пайдалануға берілді. Биыл Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша ауыз су мәселесі толық шешілген аудан ретінде көш басындамыз. Соңғы 3 жыл көлемінде Сырдарияда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соның нәтижесінде баспана мәселесі өз шешімін табуда.
Биыл Тереңөзек кентінде көпбалалы 10 отбасыға тұрғын үйдің кілті табысталады. Сонымен қатар ауданға қарасты 11 елді мекенде 33 тұрғын үй көпбалалы отбасыға беріледі.
Биылғы жыл сырдариялықтардың есінде ерекше сақталады. Себебі Тереңөзек кентіне газ беріліп, тұрғындар қуанышы екі еселенді. Кент тұрғындарының 70 пайызы табиғи отын игілігін көруде және де Шаған, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун ауылдарына газ тарту жұмыстарының жобалық құжаттары дайындалып, қаралу үстінде.
Биылғы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері 33 220 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Аудан бойынша барлығы 134 мың тонна күріш салысы жиналды. Осылайша ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 20 млрд. теңгені құрады.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал, егін шаруашылықтары жақсы табыстарға жетті.
Әлеуметтік сала да аса қарқынды дамуда. Апатты мектептер мәселесі толық шешілді. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға орындалды.
Тұрғындардың денсаулығын жақсарту да басты назарымызда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған емхана мен аурухана келушілерге сапалы медициналық қызмет көрсетуде.
Халқымызда «Бақ бағалағанның ғана басында тұрады» деген сөз бар. Бұл ретте Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ міндетіміз. Осы ортақ мүдде – Отанымызды көркейту жолында табысты еңбек ете берейік!
Бүгінгі маңызды мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын, - деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Салтанатты шарада егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар сала қызметкерлері «Тәуелсіздің 30 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар Сырдария ауданының дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен азаматтарға «Сырдария ауданының Құрметті Азаматы» атағы берілді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі