Қызметтік міндетте жауапкершілік қажет
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәжіліс залында «Соттардың некені бұзу туралы істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі №5 нормативтік қаулысына 2021 жылдың 30 қыркүйекте енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудандық прокуратураның прокуроры Д.Ұзақбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев, жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы А.Мұстафаев, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы А.Жұмабеков, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары қатысты.
Алдымен сөз алған аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы туралы қысқаша тоқталды.
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мына нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, талап қою арызы электрондық форматта берілген кезде неке қию туралы куәліктің түпнұсқасы сотқа талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданғанға дейін ұсынылуы тиіс. Неке қию туралы куәліктің түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда арыз қайтарылуға жатады. Сонымен қатар, Кодекстің 17-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені бұзу бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар болмаған кезде тіркеуші органда жүргізіледі, – деді сот төрағасы.
Кодекстегі өзгертулер мен толықтырулар жөнінде аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Р.Сүлейменова хабарлама жасады. Хабарламашы «Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптарды қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені бұзу туралы талап қою арызында Кодекстің тәртібімен тіркеуші органдарда некені бұзуға жауапкердің келісімінің жоқтығы не оның қарсылығының болмауына қарамастан некені бұзудан жалтарғаны көрсетіледі» деді.
Сондай-ақ, некені сот тәртібімен бұзу қандай жағдайда жүзеге асатыны туралы түсіндірді.
– Кодекстің 17-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болғанда, ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмағанда, егер ерлі-зайыптылардың біреуі қарсылықтарының болмауына қарамастан, өзінің іс-әрекетімен не әрекетсіздігімен некені бұзудан жалтарғанда, ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болған жағдайда жүргізіледі.
Тіркеуші органда Кодекстің тәртібімен некені бұзуға жауапкердің келісімінің жоқтығын растау үшін жұбайының некені бұзу туралы арызбен тіркеуші органға жүгінгені жөніндегі құжаттар және жауапкердің некені бұзуға келісімінің жоқтығы туралы жазбаша арызы ұсынылады.
Ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылықтарының болмауына қарамастан, некені бұзудан жалтарған жағдайда, мысалы, некені бұзу туралы бірлескен арыз не жеке арыз беруден бас тартса, оның бірлескен арыз беру үшін тіркеуші органға жеке өзінің келуіне мүмкіндігі болмаса, сондай-ақ ол арыз берілгеннен кейін бір ай өткен соң тіркеуші органға қайта келмесе неке сот тәртібімен бұзылады, – деді Р.Сүлейменова.
Сонымен қатар, аудандық соттың сот отырысының хатшысы Н.Әбдікәрім заңдық маңызы бар фактіні анықтау, оның ішінде қайтыс болуы туралы фактісін анықтау туралы азаматтық істерді қарау барысында туындайтын мәселелер туралы баяндады.
Хабарламашы өз сөзінде Кодексте көрсетілгендей қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікті «өлім күш көрсетуден болған» деген күдік болмағанда мәйітті тексеру негізінде өлімді анықтаған дәрігер беретінін айтты. Адамның қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікті дәрігердің толтыруы үшін ол адамның қайтыс болғандығы жөнінде дер кезінде хабардар болуы керек. Яғни, мәйітті барып көруге мүмкіндік алу керек.
– Дәрігердің дер кезінде хабарландырылуы «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығының 18-тармақшасымен бекітілген. Аталған тармақшада пациент ауырған және пациенттің үйіне учаскелік дәрігердің белсенді баруы қажет болған жағдайда, ЖМЖС бригадасының немесе МСАК ұйымы жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшері немесе дәрігері МСАК ұйымына ақпаратты (активті) ұсынады және халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша пациентке арналған дабыл парағын толтыратыны көрсетілген. Демек, адамның қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікті дәрігер, ал ол болмаған жағдайда орта медицина қызметкері ресімдеуі керек. Яғни, заң талабына сай тек диспансерлік бақылауда тұрған адамға ғана емес дәрігердің өзі адамның қайтыс болғандығына көз жеткізген кезде де тиісті үлгідегі медициналық анықтама толтыру қажеттігін көрсетеді, – деді Н.Әбдікәрім.
Сот төрағасы Р.Алдамбергенов ағымдағы жылдың 9 айында қайтыс болу фактісін анықтау туралы азаматтық істерді қарау барысында медицина қызметкерлеріне қатысты 4 жеке ұйғарым қабылданғанын айтты. Осыған орай, медицина қызметкерлері тарапынан жіберілген кемшіліктерге тоқталып өтті. Мәселен, азаматтардың уақыттарын үнемдеу мақсатында қайтыс болу жағдайларын медициналық куәландырудан бас тарту мәселелеріне байланысты дәрігерлер арасында түсіндіру жүргізу қажеттігіне тоқталды.
– Адам қайтыс болғанда бірінші құқық қорғау мекемесіне хабар беріледі. Сондықтан мекеме басшыларына қызметкерлер қайтыс болу фактісі орнына барған уақытта туыстарына ертеңгі күні әр мекеменің табалдырығын тоздырмас үшін дер кезінде учаскелік дәрігерді шақыртып, қайтыс болу жағдайларын куәландыратын медициналық құжаттаманы алу қажет. Басты мақсат – тұрғындардың құқығының қорғалуына жұмыс жасау, – деді сот төрағасы.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов алдағы уақытта қайтыс болған туралы анықтаманы беру кезінде кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында барлық саладағы медицина қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты.
Бибісара ЖАНӘЛІ