"NIS Kyzylorda" құрамасы тоғызқұмалақ ойынынан үздік атанды

Қазақтың ұлттық ойынынан желілік сайыс 1-3 қараша аралығында PlayOk платформасында онлайн түрде өткізілді. Қызылордадағы NIS-тің намысын Жұлдызай Мұнайтбасова (10-сынып), Досымжан Райымбек (11-сынып), Азамат Алтынбеков (7-сынып) және Жансая Досық (8-сынып) қорғады. Сыр бойылық зияткерлер еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 90 ойыншымен бірге жүлделі орындарға таласты. Нәтижесінде 10-12-сыныптар арасында Досымжан 3-орынды иеленсе, Жұлдызай жеңімпаз атанды.
–Тоғызқұмалақ логикалық ойлауымызды арттырып, математикалық дағдыларымызды дамытады. Ойында жеңіске жетуде есептеу жылдамдығы ғана маңызды емес, сонымен қатар дұрыс тактиканы қолдана білу қажет. Бұл спортпен 8 жасымнан бастап айналысамын. Бірнеше рет турнир жеңімпазы атандым. Әр ойында өзімнің қабілетімді шыңдап, қарсыластарымнан мол тәжірибе аламын, – дейді Жұлдызай.
Айта кету керек, сыр бойылық оқушылар бұл спартакиаданың жыл сайынғы жеңімпаздары. Өткен жылы да NIS құрамасы жеңіс тұғырынан көрініп, жалпы камандалық есепте үздік команда атанған болатын.