Қызылордада республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Бишімбаевтың 75 жасқа толуына арналған «Қызылорда облысының индустриалдық-инновациялық даму негіздері және келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауқымды жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері, білім алушылар қатысты. Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы да онлайн форматта баяндамалар оқылып, тікелей эфирде ел назарына ұсынылды.
Конференцияны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізіп, жиында академиктің білім мен ғылым саласындағы еңбегі, облыстың экономика саласын дамыту бағыттары туралы кеңінен айтылды. Қатысушылар Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасыныңбасым бағыттары, Арал ауданының бүгінгі мен болашағы, облыстың шикізат базасын тиімді пайдалану үшін эко-биотехнологиялық әдістерді қолдану перспективалары туралы, т.б. өзекті тақырыптарды қамтыған баяндама жасады.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов «Ұстаз.Тұлға.Қайраткер» тақырыбында, Экология және биология ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Исаева «Перспективы применения экобиотехнологических методов для эффективного использования сырьевой базы Кызылординской области», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Бауыржан Капсалямов «Перспективы развития солевых технологии на современном этапе», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, экономикағылымдарының докторы Үрпаш Шалболова «Развитие нефтеперерабатывающей и нефтехимической секторов национальной экономики Казахстана», инженер-гидротехник, техника ғылымдарының кандидаты, су шаруашылығы саласының ардагері Даулет Баялимов «Настоящее и будущее Приаральского региона», Қызылорда облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова «Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттары» тақырыбында баяндама оқыды.
Конференциядан кейін ғалымдар, оқытушылар, білім алушылардың қатысуымен секция жұмыстары ұйымдастырылды. Бірінші секцияда «Арал өңірінің минералды-шикізат ресурстары: қазіргі жағдайы, негізгі проблемалары және оларды шешу жолдары» тақырыбы талқыланса, екінші секция «Кадрлар даярлаудағы білім, ғылым және өндірістің интеграциясы» тақырыбында өтті. Үшінші секция «Өңір экономикасы, заманауи сын-тегеуріндер және даму келешегі» тақырыбына арналды.
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Уәлихан Қозыкеұлы атындағы дәрісхана ашылды. №100 дәрісхана өткен жылы қайта жаңғыртылып, жылжымалы интерактивті SMART тақтамен, ақпараттық құралдармен жабдықталған. Дәрісхананың сыйымдылығы 100-120 адамды құрайды.
Дәрісхананың ашылу салтанатында университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Бейбіткүл Кәрімова академиктің терең білімі мен ғылыми ізденістері студенттерге үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.
Уәлихан Қозыкеұлының өмірі және еңбек жолында Сыр өңірінің орны қашанда бөлек екенін жақсы білеміз. Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтының Қызылорда филиалын әуелде өз алдына дербес агроөнеркәсіп инженерлері инстиутына, кейін политехникалық институтқа айналдырудағы ерен еңбегі 85 жылдық университет тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылған. Қазіргі уақытта Қорқыт Ата университетінің жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде алдыңғы лектен көрінуінің түп негізінде де сол тұста атқарылған жұмыстар жатыр деуге болады.
Академик ағамыз осында инженерлік-техникалық жоғары білімнің негізін қалап, кенжелеп қалған іргелі және қолданбалы ғылымды дамытты. Өңірде техника саласындағы зиялы қауым қалыптасты.
Сонымен қатар, ғалымдарға қамқорлық жасап, көп жұмыстарына тікелей жетекшілік етті. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық, лабораториялық базасын нығайтты. Осы 5-оқу ғимаратынан Уәлихан Қозыкеұлының атына 100-дәрісханаың берілуінің символикалық мәні бар. Өйткені бұл ғимарат, ондағы оқу және ғылыми-зертханалық база Уәлихан Қозыкеұлының тікелей бастамасымен жобаланып, салынған.
Бүгінде осы ғимаратта оқып, өмірге қанат қаққан мыңдаған білікті мамандар облыс экономика салаларында лайықты қызмет етуде, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жиында Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев мерейтой иесін құттықтап, ғылым саласын ілгерілетудегі еңбегі зор екенін айтты. Ал, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында Уәлихан Бишімбаев басшылық жасаған тұста білім алғанын ерекше атап өтті.
Уәлихан Қозыкеұлы басшылық қызметке өте жас келсе де, сол уақытта студенттер үшін салмақты, үлкен тұлға болып көрінетін. Білімі, байыптылығы, іскерлік қасиеттерімен ортасына өте сыйлы басшы болды. Уәлихан Қозыкеұлының бастамасымен оқу орнында жаңа ғимараттар салынып, инфраструктурасы әлдеқайда жақсарды. Мұның барлығы басшының үлкен ізденісі мен қажырлы еңбегі, болашаққа деген сенімінің нәтижесі еді. Біз бүгінде жеткен барлық жетістіктерімізді сіздермен байланыстырамыз, – деді Абзал Жұмашұлы.
Айта кету керек, Уәлихан Бишімбаев бар болғаны отыз жасында 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалының директоры болып тағайындалды. Оның тікелей қатысуымен оқу-зертханалық база құрылды және нығайтылды. Оқу корпустары мен жатақханалар жобаланып, салынды. Жоғары оқу орнының кадрлық және ғылыми әлеуеті айтарлықтай өсті.
1990 жылы Уәлихан Бишімбаевтың бастамасымен Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты құрылды. Оның тікелей бастамасымен өңірде аспирантура мамандықтары ашылды. 100-ден астам техникалық бейіндегі ғылым кандидаттары даярланды. Қызылорда облысының өндірістік әлеуетін дамытуға және минералдық-шикізат ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейі қамтамасыз етілді.
Осы жылдары Уәлихан Бишімбаевтың ғылыми зерттеулері отандық өндіріс үшін бұрын пайдаланылмаған және дәстүрлі емес шикізат түрлерін, атап айтқанда табиғи битумдарды өнеркәсіптік қолданудың әдістерін әзірлеуге арналды. Әлемдік тәжірибеде алғаш рет оларға керамикалық құрылыс материалдарын, сондай-ақ гидротехникалық, гидрооқшаулағыш және жол материалдарын химиялық элементтермен үйлестіре отырып өндіру үшін саз шикізатының қасиеттерін реттейтін кешенді қоспа ретінде мұнай битумозды жыныстарды пайдалану ұсынылды.
1996 жылы Уәлихан Бишімбаев Жамбыл педагогикалық институтын, кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін басқарды. Сол кезеңдерде ғылым жетекшісі мен ұйымдастырушысы ретінде көптеген зерттеу жүргізді.
Оның қызметіндегі маңызды кезең – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басқаруы. Университеттің ғылыми-зерттеу базасы қалпына келтіріліп, жаңғыртылып, зерттеулердің жаңа бағыттары қолға алынды.
Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша ол 1000-ға жуық ғылыми мақала, 25 монография, 32 оқулық жариялап, зияткерлік меншік объектілерін тіркеу туралы 170-тен астам куәлік алды. 12 ғылым докторы және 40 ғылым кандидатын дайындады.
Уәлихан Бишімбаев ҚР Парламент Мәжілісінің V шақырылым депутаты ретіндегі қызметінде еліміздің ғылыми саласын басқару, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың инновациялық қызметін қолдау, технопарктерді дамыту мәселелерін көтерді.
Шара барысында қатысушылар ғылыми кітапхананың көрмесін тамашалап, «Дидар» халықтық фольклорлы – этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы