Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Темір жол торабындағы сыр тарихы

Темір жол торабындағы сыр тарихы

Тарих жылнамасында біз біле бермейтін құнды деректердің басым бөлігі терең зерттеуді қажет етеді. Күні бүгінге дейін халық игілігіне жұмыс жасап келе жатқан Орынбор-Ташкент темір жолының ішінде бүгіп жатқан сыры жеткілікті.

XX ғасырдың басында қазақ дала­сының тарихи-экономикалық дамуы­на зор ықпал еткен ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болған Орынбор-Ташкент темір жолының тарихы тереңде жатыр. Бұл темір жол тек Ресей империясының әскери-стратегиялық және сауда мүдделерін жүзеге асырып қана қоймай, Сыр өңірінің әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына үлкен серпін берген маңызды тарихи дәлізге айналды. Әсіресе, осы жол бойындағы станциялар, көпірлер, өндіріс орындары мен елді мекендердің қалыптасуы аймақ тарихында ерекше орын алады. Орынбор-Ташкент темір жолы 1901–1906 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 шақырым болатын темір жолдың 1660 шақырымы қазақ жері арқылы өтті. Темір жол құрылысы Ресей патшасы Николай ІІ-нің 1901 жылғы 21 сәуірдегі арнайы бұйрығымен басталған.

Темір жол желісі қазақ даласының экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етіп қана қоймай, өңірдегі сәулет, құрылыс және өндіріс мәдениетінің қалыптасуына да әсер етті. Темір жол бойында вокзалдар, су айдау станциялары, көпірлер және өзге де инфрақұрылымдық нысандар салына бастады. Осындай ірі құрылыстарды жүргізу үшін арнайы кірпіш зауыттары ашылып, оған жергілікті халық еңбекке тартылған. Бұл өндіріс орындарында дайындалған күйдірілген кірпіштер кейін Сыр бойындағы көптеген тарихи ғимараттардың құрылысына пайдаланылды. Соның ішінде Қал­жан ахун мешіт-медресесі мен аймақтағы бірқатар көне мешіттердің қабырғаларында осы кірпіштердің қолданылғаны жөнінде тарихи деректер кездеседі. Бүгінде бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол кезеңде салынған ғимараттардың сақталуы құрылыс сапасының жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Темір жол құ­рылысына жергілікті тұрғындардың кеңінен қатысуы да тарихи тұрғыдан маңызды құбылыс болды. 1901 жылы құрылыс жұмыстарына 4 мыңға жуық адам қатысса, 1902 жылдың ортасына қарай жұмысшылар саны 17 мыңнан асқан. Ал 1902-1904 жылдары құрылыс алаңдарында 30 мыңға жуық адам еңбек еткені жөнінде мәліметтер сақталған. Бұл қазақ даласында өндірістік еңбек қатынастарының қалыптасып, халықтың жаңа кәсіп түрлеріне бейімделе бастағанын аңғартады. Орынбор-Ташкент темір жолы алғашында Ресей империясының әскери және сауда мүддесіне сай салынғанымен, оның қазақ жеріне тигізген ықпалы зор болды. Әсіресе Сыр өңірінде жаңа қоныстар мен станциялар бой көтеріп, сауда айналымы артып, құрылыс ісі дамыды. Темір жол арқылы аймақтың экономикалық байланыстары кеңейіп, өңірдің тарихи келбеті өзгере бастады. Сондықтан Орынбор-Ташкент темір жолының тарихы – тек көлік қатынасының шежіресі ғана емес, Сыр өңірінің өркендеуіне негіз болған тарихи кезеңдердің бірі ретінде бағалануы тиіс.

Айта кетейік, темір жол салынғаннан кейін станция маңына жұмысшылар, шеберлер, саудагерлер келе бастады. Осылайша Тереңөзек біртіндеп шағын темір жол бекетінен елді мекенге айналды. Кейін бұл станция Сыр өңіріндегі маңызды көлік торабының біріне айналып, ауданның экономикалық дамуына негіз болды.

Орынбор-Ташкент темір жолы жөнінде сөз қозғалғанда Сыр өңіріне есімі белгілі Сауранбай болыстың қолтаңбасы айқын аталады. Орынбор–Ташкент темір жолының Сыр өңіріндегі тарихи нысандарының бірі – Қараөзек маңындағы Сауранбай көпірі. Бұл көпірдің тарихы белгілі би әрі болыс Сауранбай Құлманұлының есімімен тікелей байланысты. Жастайынан Аббас бидің жанында жүріп, шешендікке, ел басқаруға, дау шешуге машықтанған Сауранбай би кейін халық арасында әділдігімен, өткір тілімен және ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Ол шамамен 30 жылға жуық Қараөзек болысын басқарған. Халық аузындағы деректерге қарағанда, Сау­ранбай болыс темір жол құрылысына айрықша қолдау көрсеткен. Тіпті Николай ІІ патша үкіметіне 300 түйе сыйлап, салынып жатқан темір жол көпірінің құрылысына өз қаражатынан үлес қосқан деген әңгіме бар. 1870 жылы Сауранбай Құлманұлының бастамасымен қазылған арық кейін «Сауранбай арығы» аталып кеткен. Темір жол бағыты дәл осы арықтың үстінен өтетін болғандықтан, көпір салу мәселесі туындайды. Ел аузындағы мәліметтер бойынша, Сауранбай би темір жол құрылысын басқарушыларды арнайы қонақ етіп, өз пікірін өткізіп, арықты бөгемей, үстінен көпір салдыруға ықпал жасаған. Соның нәтижесінде 1904 жылы ұзындығы 30 сажын бола­тын ағаш көпір салынады. Кейін бұл көпір 1930 жылы бұзылып, орнына қазіргі темір конструкциялы көпір тұрғызылған.

Қазіргі Сауранбай көпірі – Сыр өңіріндегі ХХ ғасыр басындағы темір жол инженериясының сақталған ма­ңызды тарихи нысандарының бірі. Қараөзек ауылы маңында орналасқан бұл көпір тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне ен­гізілген. Көпірдің ұзындығы 78 метрді, биіктігі 5,3 метрді құрайды. Металдан жасалған құрылымның жалпы салмағы 222,47 тонна болуы – сол кезеңдегі инженерлік-техникалық мү­м­кіндіктердің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Екі негізгі ферма мен көлденең, тік бағыттағы темір байланыстар арқылы бекітілген бұл құрылыс – Орынбор-Ташкент темір жолы бойындағы маңызды инженерлік ескерткіштердің бірі. Сауранбай Құлманұлы тек ел басқарған болыс қана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тарихи тұлға ретінде де ерекшеленеді. Оның бастамасымен арықтар қазы­лып, су жүйелері жүргізіліп, ауыл шаруа­шылығының дамуына жағдай жасалған. Бұл деректер Сауранбай болыстың ел тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға белсенді араласқанын көрсетеді. Темір жол құрылысына көрсеткен қолдауы мен қосқан үлесі үшін Сауранбай болыстың күміс медальмен және Станислав лентасымен марапатталғаны жөніндегі мәліметтер тарихи дереккөздерде кездеседі. Сонымен қатар оның есімі Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Жарылқап ақындардың жырларында сақталып, халық жадында тарихи тұлға ретінде орныққан. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дайрабай Тілеубергеннің зерттеулерінде де Сауранбай болыс туралы маңызды деректер келтірілген. Бүгінде Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде Сауранбай болысқа тиесілі ағаш астау мен өрнектелген кебеже сақталуы – тарихи мұраның нақты айғағы болып табылады. Бұл жәдігерлер арқылы өңір тарихындағы ел басқарған тұлғалардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдени болмысын тануға мүмкіндік бар. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Сыр өңірінде мешіт-медреселер мен мектептердің көптеп жұмыс істеуі аймақтың рухани-мәдени дамуының жоғары болғанын аңғартады. Мұндай оқу орындарының салынуына жергілікті болыстар, билер, ауқатты азаматтар мен қарапайым халықтың атсалысуы – сол кезеңдегі қоғамдық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сонымен қатар тарихи деректерде әр болыстың жанында кеңесшілер болғаны, ел ішіндегі саяси-әлеуметтік мәселелердің ақыл­даса отырып шешілгені айтылады. Бұл қазақ қоғамындағы жергілікті басқару жүйесінің өзіндік құрылымы мен ұйымдасу деңгейінің болғанын дәлелдейді. Сондықтан Сауранбай болыс пен Сауранбай көпіріне қатысты тарихи деректерді зерттеу – тек бір тұлғаның өмір жолын тану ғана емес, тұтас Сыр өңірінің тарихи, әлеуметтік және мәдени даму кезеңдерін зер­делеу­ге мүмкіндік береді.


Айта кетейік, осыдан 120 жыл бұрын Орынбор-Ташкент темір жолында 14 693 жұмысшы мен қызметкер еңбек етті. Оның ішінде Қазалыда – 151, Перовскіде – 159 адам жұмыс істесе, Тереңөзек станциясында 60-70 шамасында теміржолшы қызмет атқарған

Әкімжан ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
09 маусым 2026 ж. 318 0