Ақылы жолдың жайы қандай?
Ақылы жолдар жобасы 2019 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қабылданды. Оның аясында 4 жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауысады. Ондағы мақсат – жол қаіпсіздігі, жүргізушілер үшін жайлы әрі сапалы қызмет көрсету, толығымен өз-өзін күтіп ұстау.
Ақылы автожолдарды енгізу тәжірибесі көптеген дамыған және дамушы мемлекеттерде кездеседі. Бұл жаңашылдық арқылы күре жолды күтіп-ұстауға қажетті қаражат мемлекеттік бюджеттен емес, жүріп өткен көліктердің төлемақысынан алынады да, бюджеттік қаражат әлеуметтік маңызы бар өзге мәселелерге жұмсалады.
Заман талабына сәйкес, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде елімізде ақылы автомобиль жолдары енгізіле бастады. Оның ең алғашқысы – «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесі. Бұл учаскеде 2013 жылы «гибридті» ақылы жүйе іске қосылды. Яғни, ақылы жолдан қалаға кіретін жерде арнайы шлагбаумдар орнатылған және көлік жүргізушілері осы шлагбаумдардың алдында төлем жүргізеді.
Жүйе іске қосылған сәттен бастап ақылы учаске өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етіп келді.
Мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат қажет болмағандықтан және тәжірибенің оңтайлы нәтижелеріне сүйене отырып, 2019 жылы республикалық маңызы бар 3 учаскеге де ақылы жүйе енгізілді. Бұл – «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» тас жолдары. Мұнда да «гибридті» жүйе енгізілген. Қазіргі таңда төрт ақылы учаске де өзін-өзі қаржыландыруда.
Бағдарламаны жүзеге асыру жоспарының негізінде, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «QazAvtoJol»ҰК» АҚ бірлесіп, төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдады. Жүйенің ерекшелігі учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне бір қатар әдістер арқылы жасалады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді жапсыру да көзделген.
Сонымен қатар, бағдарламалық-аппараттық кешен құрылғыларының негізгі артықшылықтары ретінде автожолдарда қауіпсіздікті арттыру, автожолдарды күтіп-ұстау сапасын реттеу, автожолдарды автоматтандыру қарастырылған. Оған қоса көлік құралдарының жылдамдығын бақылау арқылы жол-көлік оқиғаларын азайту, мониторинг орталығына ақпарат беру арқылы автожолдардың жүру бөлігін тұрақты түрде бақылайтын болады. Жол бойындағы сервис сапасын жақсарту мен транзиттік жүк тасымалдарының қарқындылығын ұлғайту, бұл сәйкесінше, мемлекеттік бюджетке түсімдерді көбейтіп, ҚР әрбір азаматының өмірін жақсартуға бөлінетін қаражат мөлшерін арттырады.
Әр учаске бойынша қандай автокөліктерден төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тікелей байланысты. Мәселен, І техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөліктер, ал ІІ және ІІІ техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды. Осы сәтте, алғашқы ақылы учаске енгізілген кезден бастап бүгінгі күнге дейін ақылы жолдардың тарифтеріне өзгеріс енгізілмегенін, бағанын өспегенін ерекше атап өткіміз келеді.
«Ашық жүйенің» басты артықшылығы шлагбаумдар болмайды. Яғни, төлем жасау үшін пайда болатын кептелістер де болмайды. Бұл учаскедегі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, ашық жүйе адамдардың жауапкершілігін де қажет етеді.
Егер ақылы жолмен жүріп өткені үшін қарыз пайда болып, ол ұзақ уақыт төленбеген болса, көлік жүргізушілеріне ескертпе хаттар жолданатын болады. Ескертпелер еленбеген жағдайда айыппұл салынады. Уақытылы төлем мен ақылы жолмен жүріп өткеннен кейінгі жасалған төлем мөлшерлемесінде де айырмашылықтар бар. Бұл –жүргізушілерді алдын ала немесе уақытылы төлем жасауға талпындыру мақсатында қолданылатын әдістің бірі.
Қазіргі таңда төлемді уақтылы жасамай, қарыздарын өтемеген азаматтарға байланысты қолданылатын шаралар мәселесі талқылануда. Жауапты министрлікте мұндай жүргізушілерге автокөлікті сату немесе сатып алу, есепшоттарға шектеулер орнату мен шетелге шығуға рұқсат бермеу іспеттес шараларды қолдану қарастырылуда. Осы арқылы азаматтардың жауапкершілігіне, қоғамдық санаға әсер ету көзделген.
Қолданылатын жеңілдіктердің қатарын толықтыру мәселесі де қарастырылмақ. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды төлемақыдан босату туралы өзгерістер қайта қаралу үстінде.
– Қызылорда облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар ұзындығы 812 шақырымды құрайтын М-32 «РФ шекарасы (Самараға қарай) – Шымкент, Орал, Ақтөбе, Қызылорда қ.а» автомобиль жолы ағымдағы жылы ақылы жолға өтуі жоспарланып, онда 9 жерге автомобиль өлшем аркалары мен 3 пайдаланушылармен жұмыс орталығы орнатылды.
– 2021 жылдың ақпан айының 15-19 аралықтарында төлем қабылдау жүйесін енгізу туралы қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, әрбір аудандарда, облыс орталығында ұсыныс-пікірлер тыңдалғанын айту керек. Қоғамдық тыңдаулар барысында ақылы жүйені енгізудің мақсаты мен артықшылықтары, төлем қабылдау жүйесінің жұмысы және төлем жасаудың түрлері, төлем мөлшерлемелері, төленетін сома мөлшерін есептеу және ақылы автомобиль жолдары туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормалары талқыланды, – дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай.
Бибісара ЖАНӘЛІ