Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараша айында ауа райы қандай болады?

Қараша айында ауа райы қандай болады?

Республиканың солтүстік өңірлерінің тұрғындары күздің соңғы айының алғашқы күндерінде -20 градус аязбен бетпе-бет келеді, – деп хабарлайды sputnik.kz.

Қазгидромет мамандары қарашада республика бойынша ауа райы қандай болатынын айтты.

Консультативтік болжамға сәйкес, ай бастала сала елдің солтүстігі мен шығысында күн суытады.

"Бірінші онкүндіктің басында Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында, 3 қарашадан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде, онкүндіктің соңында республиканың солтүстік-батыс жартысында жаңбыр мен қар жауады. Тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді", - деп хабарлады мамандар.

3-4 қарашада республиканың басым бөлігінде батыс аймақтардан басқа жерлерде аяз болып, қысқы ауа райы орнайды.

Қазақстанның батысында түнде 0...+8°С-тан -5...+2°С-қа дейін, күндіз +10...+18°С-тан 0...+10°С-қа дейін төмендейді. Елдің солтүстік-батыс жартысында, орталығында және шығысында түнде -5...+5°С-тан -5...-15°С-қа дейін, қиыр шығыста -20°С-қа дейін, күндіз +2...+8°С-тан -3...-10°С-қа дейін төмендейді.

Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -3...+5°С-тан -1...-13°С-қа дейін, күндіз +10...+16°С-тан -5...+3°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Алайда қарашаның ортасынан бастап температура жоғарылайды.

"Екінші онкүндіктің бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Екпінді жел соғып, қар түрінде жауын-шашын жауады. Екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында және соңында температура төмендейді", - дейді синоптиктер.

Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында ең суық күндері сынап бағанасы түнде -17...-25°С-қа дейін, күндіз -8...-13°С-қа дейін, ал елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5...-17°С-қа дейін, күндіз -2...-7°С-қа дейін түсуі мүмкін.

Елдің солтүстігінде аяз беті қайтқан кезде термометр бағаны оң мәнге ауысады, ал оңтүстікте ауа температурасы +3...+12°С-қа дейін жоғарылайды.
01 қараша 2021 ж. 357 0