ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қызылордаға келді
Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Іссапары кезінде ведомоство басшысы аймақтағы «Ауыл-Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен іске асқан әлеуметтік нысандарды аралап көреді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асырылуы барысын айтып, жобалардың тиімділігіне тоқталды.
Мәселен, 2019 жылы бастау алған «Ауыл-Ел бесігі» арқылы Жалағаш пен Жосалыда 31 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Оның ішінде 4 мектеп, 1 емхана, 5 мәдениет нысаны, жалпы ұзындығы 28,6 шақырымды құрайтын 21 ауыл ішілік көшелер жөнделді.
Министр ең әуелі Қызылорда қаласындағы Бәйтерек тұрғын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептің құрылыс жұмысымен танысты. 600 орынды қамтитын білім мекемесінің құрылысы келер жылы аяқталады. Бүгінде құрылыс алаңына 40-тан астам маман тартылған. Барлығы да жергілікті жердің тұрғындары.
Ведомство басшысы азаматтарды жұмыспен қамту, қажетті мамандарды тарту мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартты. Жұмыс барысында өзіне жүктелген жұмыстарды уақытылы жүргізе алмаған мердігер компаниялардың жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Ал аймақ басшысы аталған нысанның ерекше бақылауда екенін тілге тиек етті. Себебі қала шекарасының кеңеюі мен демографияның өсуі жаңа мектептің қажеттілігіне жол ашты. Жаңа мектеп бой көтерсе, орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте облыс әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуі қатаң бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, нысан құрылысына жауапты мердігер мекеме басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, министр Серік Шәпкенов өңірге жасаған іссапары кезінде Сырдария, Жалағаш, Қармақшы мен Қазалы аудандарына барады.