Кәсіпкерлік дамыса, игілік еселенеді

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Онда 10 Ұлттық жоба айқындалып, соған сай жұмыстарды үйлестіру жүктелді. Солардың қатарында «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бар. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жастардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды дарытып, елге еңбегі сіңген тұлғалар арқылы еңбекте ерлік көрсететін ұрпақтарды қалыптастыру. Осыған орай, Шіркейліге барғанда аудан басшысы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», даңты күрішші Бексұлу Синаевамен, «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы Сейіткамал Сұлтановпен, еңбек ардагерлері Қанатбек Әбілқасыммен жүздесті. Кездесуде аудан әкімі жастайынан жұмысқа араласып, ел дамуына елеулі еңбегімен үлес қосқан еңбек адамдарының өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде екі бірдей «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева құрмет көрсеткен аудан басшысына ризашылығын білдірді.
Ұлттық жобалар тізбесінің бірегейі кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бұл орайда, аудан басшысы Н.Ілиясов ауылындағы жеке кәсіпкер Роллан Олиновтың бал арасын кеңейту жұмысымен танысты.
Жеке кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрған. «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 1 млн теңге несие алып, бал ара өсіру кәсібін бастаған. Ал өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының грант тетігі бойынша омарта шаруашылығын дамытуға 2 млн теңге ұтып алған. Соның нәтижесінде, кәсібін кеңейтіп, бүгінде бал өнімдерін ауыл, аудан және қала тұрғындарына арнайы сауда нүктелері арқылы өткізуде.
Жұмыс сапарында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Кең дала» шаруа қожалығына да арнайы барды. Шаруашылық төрағасы Расул Есенов атқарылып жатқан жұмыстарды айтты.
– Шаруа қожалық жұмыстарын жандандыру қолға алынып, кәсібімізді дөңгелетіп жатырмыз. Бүгінде қожалық жерінен балық шаруашылығын дамыту үшін тоған ашу жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай-ақ, бұл жерде 200 бас жылқы бордақылау алаңы аштық. Сол арқылы халықты етпен қамтуды жүзеге асырамыз. Одан бөлек, алма бағын ашуды да көздеп отырмыз. Қазіргі таңда оның жерін дайындап жатырмыз. Осы жұмыстардың барлығы ел үшін жасалып, тұрғындарды жұмыспен қамтудамыз, – деді Расул Әбутәліпұлы.
Аудан басшысы кәсіпкердің атқарып жатқан жұмысына ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлік дамыса, игілік еселенетін тілге тиек етті.
Жалпы, пандемия шектеулеріне қарамастан Қызылорда өңірінде кәсіп ашуға ниетті азаматтардың қатары көбейіп, аймақ республика бойынша үздік үштікке енген. Сондай-ақ, облыстағы экономикалық белсенді халықтың үштен бірі кәсіпкерлік бағытта жұмыспен қамтылған. Яғни, өсім 9,1 пайызды құрап, аймақтар арасында ІІ орынға көтерілді. Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов мәлімдеген болатын. Демек, аймақта кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына сырдариялықтардың қосып жатқан үлесі зор.
Е.БЕРКІНБАЕВ