Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір азаматтың міндеті
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек. Бұл ретте, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аударған жөн» деп атап көрсетті.
Осыған орай, 2021 жылы аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді.
Жоба аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 14 кездесу, 2 акция, 10 қоғамдық қабылдау, 1 байқау өтіп, басылым беттеріне 5 мақала жарияланды.
Сонымен қатар, жоба аясында 2021 жылдың наурыз айында «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің арасында бірлескен меморандумы жасалды.
Айта кетейік, Сырдария ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында аудан тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама аясында аудан халқының сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасы туралы және сыбайлас жемқорлық көп орын алатын жерлерді анықтау үшін арнайы сұрақтарға жауап алынды. Сауалнама аудан орталығы мен ауданға қарасты барлық ауылда онлайн форматта және жасырын (анонимді) түрде өткізілді.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан жалғасын табатын болады.
Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге барлық саланың дамуына кері әсерін тигізеді. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – қоғамның дерті. Онымен күресу – әрбір азаматтың міндеті.
Алимаш Мырзахметова,
аудандық ішкі саясат
бөлімінің басшысы