Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде дизель отыны неге тапшы? Вице-министр себебін айтты

Елімізде дизель отыны неге тапшы? Вице-министр себебін айтты

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов дизель отынына қатысты проблемаға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз зауыттардың өндірісін ұлғайтып, Павлодар зауытының күрделі жөндеуіне дейін жеткілікті қор жинап аламыз деп ойладық. Өкінішке қарай, дизель отынына сұраныс өскен соң, 210 мың тонна ғана қор қалды – бұл шамамен 11-12 күнге жетеді", - деді Мағауов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол Павлодар зауытының тоқтауы республика бойынша дизель отыны балансына әсер ететінін атап өтті.

"Біз 100 мың тоннаға жуық дизель отынын Ресейден импорттау керек екенін байқап отырмыз", - деді вице-министр.
Министрлік өкілдері өткен аптада Ресейдегі әріптестерімен келіссөз жүргізген. Соның арқасында Қазақстанға дизель отынын жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Оның айтуынша, тамыз-қыркүйек айларында елдегі үш зауыт тұрақты жұмыс істеді. Рекордты көлемде дизель отыны өндірілді – тамызда 508 мың тонна, қыркүйекте де шамамен осындай көлем.

Бірақ, вице-министрдің сөзінше, дизель отынын тұтыну жағынан да рекорд орнатылған. Тамыз айында сұраныс 519 мың, қыркүйекте 500-518 мың тоннаны құраған.

Мағауов дизель отынын тұтынудың рекордтық өсіміне оның төмен бағасы басты себеп болғанын айтты.

"Қазір ірі жанар-жағармай станцияларының желілері бағаны литріне 207-208 теңге деңгейінде ұстап тұр, қалғаны 230-240 теңгеден сатуда. Бірақ біз ұзақ уақыт бойы, жыл басынан бері бағаны литріне 200 теңге шамасында ұстадық. Осылайша Ресеймен айырмашылық литріне 100 теңгеге дейін, Өзбекстанмен 70-80 теңге, Қырғызстанмен 61 теңгеге жетті. Нәтижесінде бүкіл транзиттік ағын Қазақстанға кіріп-шығатын жолда көліктеріне жанар-жағармай құйып алатын болды. Осылайша біз республикада шекарамен шектес облыстарда дизель отынын тұтыну күрт өскенін байқап отырмыз", - деп түсіндірді ол.



29 қыркүйек 2021 ж. 395 0