Қазақстанда жаңадан мұнай өңдеу зауытын салу көзделуде - Қанат Бозымбаев
Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытын салу көзделуде. Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің есептік кездесуіне қатысқан ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл осындай төртінші зауыт болмақ. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. Инвесторларды тарта отырып, жол картасы әзірленді. Алдымен техникалық-экономикалық негіздеме жасалады. Соның негізінде қай өңірде салынатыны, қуаттылығы қандай, нендей өнімдер шығаратыны белгілі болады. «Қазір нақты айта алмаймыз. Ақтөбеде бола ма, Ақтау не Шымкентте салына ма, әзірге белгісіз. Негіздеме біткеннен кейін қазан-қарашада анықталады. Батыс Қазақстан облысына қатысты мәселеге келсек, Қарашығанақта «Конденсат» АҚ-ның қуаттылығы жылына 80 мың тоннадай өнім өндіретін жаңа зауыты бар. Алдағы екі-үш айдың ішінде дизель отынын шығаратын қондырғыны іске қосса, оны біз кестеге енгіземіз. Сол бағытқа мұнайды Атыраудан жіберетін боламыз. Сонда Батыс Қазақстан облысы да бензин, дизель отыны сынды өнімдермен қамтамасыз етілетін болады», деді Қ.Бозымбаев.