БЕЙРЕСМИ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР ЗАҢДАСТЫРЫЛУЫ ТИІС
Ағымдағы жылдың 15 наурызында «Бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды заңдастыру мақсатында» жергілікті атқарушы органның жанынан құрылған мобильді жұмысшы тобымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда берілген тапсырмаларды орындау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кедергісіз жұмыс жасап кетуін қамтамасыз ету мақсатында «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және ел экономикасына және тиісінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары (Жол картасы)» тақырыбында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылдық клубында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Аталған жиынға ауыл кәсіпкерлері, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Күн тәртібінде көтеріліп отырған мәселелерді халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары, топ жетекшісі Мұхан Айгүл Кәрбозқызы сөз алып, кездесудің негізгі мақсатын айтып, «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және ел экономикасы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөнінде» тұрғындарға түсіндірме беріп өтті.
Қазіргі күні еңбек келісім-шартын жасамай, жұмысшылардың еңбегін пайдаланып отырған жұмыс берушілер бар екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, еңбек шартсыз жұмыс жасап жатқан жұмыс берушілерге ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, заңды тұлғаға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды анықтау шараларын жүргізу мақсатында, аудандық мобильді жұмысшы тобы құрылып, тиісті түрде жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Азаматтардың мәртебесін нақтылау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда аудан бойынша 4 мыңнан аса адамның мәртебесін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Үй-үйді аралап, азаматтардың мәртебесін анықтауда елден шығып кеткен және қайтыс болған немесе өздерін студент деп көрсеткендердің ақпараттық жүйеде мәртебесін жаңарту үшін жұмыстар қарқынды түрде атқарылып жатқанын айтып, баяндамасын аяқтады.
Мұнан кейін сөз алған жұмысшы топ өкілдері өз салалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарының күн тәртібінде көтерілген мәселелері бойынша түрлі сауалдарын қойып, тиісті сала мамандарынан тұщымды жауаптарын алды.
Ернар Зұлқарнаев,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы