Ардагерлерді қабылдады
Сырдария ауданында Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ардагерлерді қабылдау шарасы өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, Семей полигонының ардагерлері, Қызылорда облысы бойынша «Невада-Семей» ардагерлерінің төрағасы Әбіш Сәбит, аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев, БАҚ өкілдері қатысты.
Отыз жыл бұрын «Невада-Семей» қозғалысының арқасында қазақ жерінде көптеген адамның өмірін жалмаған ядролық қаруды сынақтан өткізу тоқтатылды. Семей полигонын жабу туралы Елбасының Жарлығы біздің осы жылы 30 жылдығын атап өтетін Тәуелсіздігімізге қадам басуымыздың кері қайтпас нүктесі болды.
Ауданда Семей полигонының ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты қолға алынған. Сырдария ауданы бойынша 76 азамат сынақ алаңына қатысқан.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев сынақ алаңының жабылуына 30 жыл толуына орай әзірленген «Семей ядролық сынақ полигоны жабылғанына 30 жыл» төсбелгісімен және «Алғыс» хаттар табысталып, Семей полигонының ардагерлеріне зор денсаулық, отбастарына амандық тіледі.