Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтардың рухына тағзым етті

Облыс әкімі Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтардың рухына тағзым етті

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова 29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылу күніне орай зардап шеккен азаматтарды еске алу шарасына қатысып, Сыр жұртшылығы атынан «Семей атом полигоны 1949-1989 жж.» мемориалына тағзым гүлін қойыды.

«Елбасының Жарлығына сәйкес Семей полигоны жабылған болатын. Бұл полигон талай жұртқа қасірет алып келді. Осы 40 жыл ішінде 467-ден астам ядролық сынақ өткізілді. Бұл сынақтардың әсері әлі күнге дейін сезілінуде. Полигон біздің елде алғашқы болып жабылды. Бұл шешім адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды. Семей жеріндегі ядролық сынақтарды тоқтатуды 1989 жылы халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған «Невада-Семей» қозғалысы көтерді. Қаза болған бауырларымызды әрдайым ұмытпаймыз, еске алып, тағзым етеміз», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

1991 жылдың 28 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон сынағы жабылды.

2020 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды.

«Тағзым» алаңында өткен шараға мемлекеттің мекемелердің өкілдерімен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық Невада-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш, қалалық Невада-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Мәделиев пен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов қатысты.
30 тамыз 2020 ж. 771 0