Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқуға кедергі жоқ

Кітап оқуға кедергі жоқ

Аудандық орталық кітапханада «Әлемді саусақ ұшымен сезінген жандар» тақырыбында мейірімділік сағаты өткізілді. Танымдық кешке аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төралиев, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Е.Жарылқасынұлы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтерді айқындау және бағалау жөніндегі әлеуметтік қызметкері А.Бейсенова, аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Нұржакиева және сала мамандары мен кеш қонақтары қатысты.

Кеш барысында мүмкіндігі шектеулі оқырман­дардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақ­сатында және кітапханалық қызметтің барлық түрлерін қолдануға, қажетті ақпаратқа қол жет­кізу үшін көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған өздігінен оқитын арнайы құрылғыны кітапханашы Д.Пазылбекова таныс­тырды. Құны 500000 теңге тұратын құрылғының мүмкіншіліктері көп. Зағип жандардың кез келген кітапты естіп, білуіне жағдай жасалған. Бірнеше тілде сөйлейтін құрылғы кітаптарды сканерлеп алады. Құрылғы жадына сақталған кітап мазмұны оқырманға дыбысталған күйі баяндалады. Аталған құрылғы аудандық орталық кітапхананың оқырмандары үшін таптырмас аппарат екені мәлім.

Аудандық орталық кітапхана ұжымы жыл көлемінде мүм­кін­дігі шектеулі жандардың үйі­не ба­рып, сұхбаттасып, кітап қо­рындағы әдебиеттерді оқып береді. Сонымен бірге СД дискілерін тыңдатады. Бұл ретте, сала мамандарының жұ­мысына кеш қонақтары С.Тәженова мен Ж.Сейтжанов жо­ғары баға берді.

– Кітапхана ұжымы қазіргі уақытта тың жаңалықтарға қол жеткізуде. Соның бірі – көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған өздігінен оқи­тын арнайы құрылғының алынуы. Аталған құрылғының мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға пайдасы зор екеніне көз жеткізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан ерекше жандарға қолдау көрсетіліп келеді. Зағип жандардың кітап оқуға белсенділігін арттырып, кез келген кітапты дыбыстық жазбада естуіне жағдай жасалған екен. Алдағы уақытта мұндай бастамалар жалғасын табатынына сенеміз, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төралиев.

Өз кезегінде облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Е.Жарылқасынұлы, аудандық жұмыс­пен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтерді айқындау және бағалау жөніндегі әлеуметтік қызметкері А.Бейсенова, аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Нұржакиевалар өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге зағип жан Дулат Асылханов құрылғының пайдалану тетіктерін тарқатып айтып берді. Ал аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жиналғандарға арнап ән шырқады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 тамыз 2021 ж. 357 0