Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Qoldau.kz» сайты кәсіпкерлер үшін тиімді

«Qoldau.kz» сайты кәсіпкерлер үшін тиімді

Қазіргі таңда кәсіппен айналысып, береке табамын дегендерге ешқандай шектеу жоқ. үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсетіліп отырады. Адамдардың жеке бизнеспен айналысуы мен ел экономикасы жайлы Президентіміздің әр жылдағы халыққа Жолдауында да ескерусіз қалған емес.

ХХІ ғасыр – ақпараттық-технологиялар дәуірі. Техниканың жетістігі халықтың қол еңбегін барынша жеңілдеткен. Ғаламтор желісіне қосылсаңыз болғаны, ұялы телефон арқылы арнайы платформаларда жұмысыңызды жүргізе аласыз. Мемлекеттік маңызы бар қызметтер де цифрландырылған, электронды форматта жылдам әрі қолжетімді жұмыс жасайды. Egov.kz, Еnbek.kz сынды сайттар сөзімізге дәлел. Осындай платформаның бірі – Qoldau.kz сайты. Бұл кәсіпкерлерге арналған ақпараттық үкімет. Сайт өз қолданушыларына тәулік бойы демалыссыз жұмыс жасайды. Сондай-ақ арнайы порталды мобильді қосымша түрінде жүктеп алуға да мүмкіндіктер қарастырылған.

Кәсіпкерлерді тіркеуге арналған сайттан сақтандыру өнімдері, электронды рұқсат тізілімі, онлайн несиелендіру бойынша сервистер, геоақпараттық портал, ауа-райы қызметі, егіншілік бойынша ұсыныстар қызметі, фитосанитариялық мониторинг, малды қадағалау қызметтерін алуға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ Орталық Азиядағы жануарлардың денсаулығы жөніндегі мәліметтерді жинақтау қызметі, көліктің серіктік мониторингісі, көлік логистикасы, фермер үшін бухгалтерлік және салықтық есебі сервисі, салықтық әкімшілендіру қызметі, виртуалды астық қоймасы, сауда алаңы, NB-Io стандарты бойынша желілерден деректерді беру, аграрлық ситуациялық орталық қызметтері қолданушыларға қолжетімді. Әр бөлім бойынша қажетті батырманы басу арқылы тіркелуші керек ақпаратын алып немесе тіркеле алады.

Бизнеске арналған цифрлық платформада әр қолданушының «жеке кабинеті» болады. Қолданушы өз санатын таңдай отырып, ЭЦҚ мен құпия сөзді енгізу арқылы тіркеле алады.

Дәл қазір аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі Qoldau.kz сайтына 18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді тіркеу жұмыстарын жүргізуде.

– Qoldau.kz цифрлық платформасына кәсіп­пен айналысамын деген тұлғалар тіркеледі. Олар өз бизнес жоспарын, қажетті құжаттарды дайындағаннан кейін кәсіпкерлік бөлімге келіп, порталға тіркеледі. Бұл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыс. Қайтарымсыз несиені ұтып алған жағдайда кәсіпкер осы негізде жұмысын жалғастыра алады. Қазірше аудан бойынша порталға тіркелу үшін 37 өтініш келіп түсті. Жас кәсіпкерлер мен 30 жастан жоғары кәсіпкерлерді екі бөлек тіркейміз. 18 бен 29 жас аралығындағы кәсіпкерлерді тіркеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс тамыз айының 27-не дейін жалғасады, – дейді аталған бөлімнің әдіскері Ғани Үсенбаев.

Сайт ресурстары – агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау үшін өтінімдердің электрондық тізілімі, астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімі, АӨК субъек­тілерінің электрондық картасы, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармайын үлестіру, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша электрондық жоспарлар, тауарлардың элек­трондық паспорттары тізілімі, Blockchain-плат­форма үлестірілген ақпаратты сақтау үшін деген бөлімдерге бөлінген. Қолданушы өзіне қажетті бөлімді таңдап, толық ақпаратқа қол жеткізе алады.

Ақпараттық порталда елдегі карантиндік жағдайға сәйкес қашықтықтан кеңес беру қызметі де қарастырылған. Ол үшін әр аймақтағы жауапты тұлғалар мен байланысу жолдары көрсетілген арнайы кесте ашылады.

Сайтты қолданушы Qoldau.kz веб-порталына тіркелмес бұрын, «Ақпараттық-есептеу орта­лығы» АҚ 2018 жылғы 18 шілдедегі №401 бұйрығымен бекітілген қолдану құқықтары туралы үлгілік пайдаланушылық келісіммен мұқият танысқаны жөн. Келісімнің электронды нұсқасы сайтқа қосылған кез келген тұлғаға қолжетімді. Пайдаланушылық келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес, астық қолхаттарын тіркеушісі болып анықталған, мемлекеттің жарғылық капиталында 100%-дық қатысуымен, «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғам мен веб-портал Qoldau.kz пайдаланушысы арасындағы өзара қарым-қатынасын реттеуге арналған. Келісімде сайтты пайдаланушы тжөнінде жеке деректердің құпиялығын сақтау туралы да сөз етілген.

Сондай-ақ сайтта «жаңалықтар» бөлімі бар. Онда кәсібінің несібін көріп отырған кәсіпкерлер туралы жаңалықтар, ақпараттар күн сайын жа­рия­ланып отырады.

Qoldau.kz бизнеске арналған цифрлық платформа туралы кез келген ақпаратты «info@qoldau.kz» электронды адресі арқылы алуға болады.


Сырдария аудандық
кәсіпкерлік, өнеркәсіп
және туризм бөлімі

21 тамыз 2021 ж. 414 0