Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қандай анықтама енді сұралмайды?

Қандай анықтама енді сұралмайды?

Соңғы уақытта елімізде құжат дайындау рәсімінде артық шығын мен уақытты үнемдеуге байланысты көптеген пікір айтылып жүр. Осыған орай халық қалаулылары үкімет мүшелеріне әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек алудағы қиындық туғызатын түрлі анықтаманың қажет емес екеніне баса назар аударуды сұрады. Нәтижесінде көп құжатты талап етпейтіндей деңгейге жетіп, мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеуді жеңілдеткені белгілі. Енді ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді.
Бүгінде бұл жаңалықтан тұрғындар ақпарат құралдары арқылы хабардар болып үлгірген. Яғни, анықтаманың бұл түрі Мемлекеттік қызметтер тізілімінен алынған. Бұл ұсынысты енгізген вице-министрдің мәліметінше, бір жағынан қағаз құжат айналымын оңтайландыруға және бюрократияны жоюға, жалпы мемлекеттік қызметтерді алу тәсілін өзгертуге ықпал етеді. Енді ешқандай мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі тоқтатылады.
Ал егер бұл құжат қажет болған жағдайда тұрғындар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен «Egov mobile» қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Мемлекеттік органдар бұл мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен біріктірілген ақпараттық жүйе арқылы алады.
Белгілі болғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сараптамасының нәтижесінде қазақстандықтар бір жылдың ішінде тиісті мекемелерге тапсыру үшін 20 миллионнан астам анықтама алады екен. Оның жартысына жуығы мекенжай анықтамасы. Анықтама негізінен жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметін алу кезінде, сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысуға сұратылған. Бұл өз кезегінде «Халыққа қызмет көрсету орталығына» тұрғындардың келу уақытының және миллиондаған қағаздың шығыны. Сондықтан бір ғана мекенжай анықтамасын беруді тоқтату арқылы ХҚКО-ға тұрғындардың келуі 10 миллионға азаяды деп болжануда.
– Жылда түрлі құжат дайындауға арнайы уақыт бөліп, «Халыққа қызмет көрсету орталығына» келеміз. Кейде айына бір рет келетін кезіміз де болады. Сондағы мақсат – мекенжай анықтамасын алу. Енді бұл құжат талап етілмейтін болды дегенді естіп, қуандық. Уақытымыз үнемделгеніне ризамыз. Ұзақ кезекке тұрмайтынымыз жақсы болды. Бұл цифрландыруға қадам басқан мемлекетіміздің жетістігі.

Жазира Алматова,
көп балалы ана
– Жасыратыны жоқ «Халыққа қызмет көрсету орталығына» жиі барамыз. Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін көптеген құжат әзірлейміз. Түрлі анықтамалармен қоса отбасындағы барлық адамдардың мекенжай анықтамасын аламыз. Анықтама бір ай мерзімге ғана жарайды. Уақыт өтіп кетсе, қайтадан анықтама алуға мәжбүрсің. Солай жыл бойына жалғасады. Жинаған құжатымыздың санынан кейде өзіміз де жаңылып қаламыз. Енді бір құжатқа болса да азайғаны жақсы болды. Бұл бізге де тиімді, сұратушы мекемеге де ыңғайлы деп ойлаймын. Жалпы қағазбастылықтан бірте-бірте арылатынымыз байқалады.
Иә, қазіргі жылдам өзгеріп жатқан қоғамға жылт еткен жаңалықты жеткізу қиындық туғызбайды. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ұялы телефоннан елдегі, тіпті әлемдегі жаңалықтан хабардар боласың. Дамыған 30 елдің қатарынан көрінуді мақсат еткен елімізде цифрландыру қарқын ала бастады. Кез келген қызметті қағаз жүзінде емес, электронды түрде алған тиімді екенін уақыт дәлелдеп келеді. Соның бір көрінісі жоғарыда айтылған мекенжай анықтамасының қолданыстан шығуы.
Дегенмен, жаңалықтың жедел іске асып кетуіне, оған үйренісуге уақыт керек. Яғни азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұратуы мүмкін ұйымдар мен жеке компаниялар болады. Олар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл тек азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция. Мұндай SMS алу үшін азамат «Мобильді азаматтар» базасында тіркелуі тиіс. Тіркеуді әр азамат өзі жүргізе алады. Ол үшін egov.kz порталындағы «Жеке кабинетке» кіріп, «телефон» бағанында өз телефоныңның нөмірін көрсету немесе өзгерту қажет және оны өзінің электронды цифрлы қолтаңбаңмен растауы керек. Сондай-ақ «Халыққа қызмет көрсету орталығының» кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады. Қызмет тегін көрсетіліп, бар болғаны бес минут уақытыңызды алады.
Әлия Қыстаубаева,
ауыл тұрғыны:

Б.ЖАНӘЛІ

27 қазан 2019 ж. 525 0