Мамандар маңызды мәлімет берді
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызмет туралы ақпарат» тақырыбында онлайн-семинар өткізілді. Аталған іс-шара елдегі пандемиялық жағдайды ескере отырып, «Zoom» платформасы арқылы жүргізілді.
Онлайн-семинарды аудандық филиал басшысы Р.Түрікбаев ашып, өткізілгелі отырған іс-шараның мақсаты мен тақырыбын ашып, түсіндіріп өтті.
– Бүгінгі онлайн-семинар мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру қызметтері жайлы болмақ. Қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде мұрағаттан архивтік анықтама алмаған адам кемде-кем шығар. Бұл дегеніміз аудандық филиалдың халықпен тығыз қарым қатынаста екендігін көрсетеді, – деді филиал басшысы.
Одан соң сөз алған аудандық филиалдың архивисі Ж.Сейлов «Мемлекеттік қызмет туралы ақпарат» тақырыбында баяндама жасап, архив мекемесінен анықтама қалай алынады, өтініш беру үшін не істеуіміз керек, анықтамаларды беру тәртібі қалай жүргізіледі деген сұрақтарға жауап берді. Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру мемлекеттік қызметін көрсету үшін елімізде арнайы заңдар бар екеніне тоқталып өткен маман:
– Қажетті архивтік құжаттар мен анықтамаларды алу үшін жеке және заңды тұлғалар өз өтініштерін аудандық филиалға тікелей немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «коммерциялық емес акционерлік қоғамы» арқылы және www.egov.kz «электрондық үкiмет» веб-порталы арқылы тапсыра алады. Архивтік анықтамаларға, архивтік құжаттардың көшірмелеріне немесе архивтік үзінділерге мекеме басшысы мен орындаушы қол қойып, мекеме мөрімен растайды, ал веб-портал арқылы келіп түскен өтінішке жауапты өтініш берушінің «жеке кабинетіне» жолдайды. Өтініштерді орындау мерзімдері Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді, – деп түсінік берді.
Онлайн-семинарға «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының, Сырдария ауданы кірістер, Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының, Сырдария ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының, Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері және архив қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында мол ақпарат алған қатысушылар сала мамандарына сұрақ қойып, өзара пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған аудандық филиал басшысы «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сырдария аудандық филиалы мамандарының басты қызметі – азаматтардың сұраныс-өтініштеріне жан-жақты, сапалы әрі уақытылы жауап беру екендігін айтты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ