Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар еңбек ардагеріне көмек көрсетіп, ақ батасын алды

Жастар еңбек ардагеріне көмек көрсетіп, ақ батасын алды

Мектеп оқушысы кезінен белсенді болып өскен тереңөзектік жалынды жас Дәулет Серікбай – №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің түлегі. Ол «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» қарсаңында «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жұмыс жоспарына сәйкес «Ардагерлерді ардақтайық» жобасына қатысты. Дәулет бастаған жастар 75 жастағы еңбек ардагері Орынбай Тұңғышбаевқа көмек көрсетті.

Игі іске «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің белсенділерімен қатар №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Нұрислам Демесінов пен №131 Т.Қозыбаев атындағ орта мектебінің оқушысы Санжар Нәби де атсалысты. Оқушылар ата-аналарының рұқсатымен жазғы демалыс уақыттарында жақсы істі жүзеге асыруға жәрдемдесуді жөн көрген.

Жастар ардагердің үйінің ауласындағы шөптерді шауып, арықтарды тазалады. Олар шабылған шөптерді жинап, қораны сыпырып, ретке келтірді. Бір сағатқа созылған тазалық іс-шарасы аясында жастар еңбек ардагерімен сұхбаттасты. Ардагер еңбек жолынан сыр шертіп, ұзақ жылдар құрылыс саласында еңбек еткенін, кенттегі ғимараттарды салуға үлес қосқанын айтты.

Өз кезегінде «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жетекшісі А.Ибрагимұлы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы жөнінде ақпараттармен бөлісті. Ал еңбек ардагері Орынбай Тұңғышбаев жастарға ақ батасын беріп, өмірлеріне сәттілік тіледі. Осылайша, «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» қарсаңында сырдариялық жастар қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

11 тамыз 2021 ж. 410 0