Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет
«Балалар үшін қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» акциясы аясында бүгін «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен мониторингтік рейд іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараға «Jas Otan»-дықтармен бірге аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Абзал Сәндібекұлы мен «Жастар ресурстық» орталығының маманы Нұрдәулет Өтепбергенов қатысты.
Сала мамандары аудан орталығындағы мектептердің жанындағы қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше әсер ететін жол төсеніштерінің жай-күйін бақылады. Мектеп директорларымен пікірлесіп, жаяу жүргіншілер жолы екенін білдіретін сызықтардың ескіруіне байланысты қайта сырлауға ұсыныс енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ балалардың суреті ілінген тақтайшаны жаңарту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
– Жаз мезгілінде балалардың бос уақыты көп болады. Олар қыдырып немесе басқа да жұмыстармен автокөлік жолдарында жаяу жүруі мүмкін. Сол кезде қауіпсіздік қаперде болуы қажет. Жергілікті атқарушы орган балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы инфрақұрылым қалыптастыруды назарда ұстау керек. Мысалы, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі жанындағы үзік сызықтар ескірген. Кент әкімдігі осы мәселені ретке келтіруге мән беруі қажет, – деді «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы.
Мамандар №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жанындағы жаяу жүргіншілер жолына балалар қауіпсіздігі қойылған тақтайшаның ескіргенін айтып, мониторингтік рейд іс-шара қорытындысында мектеп-лицей директоры Ү.Жұмабаеваның тапсырмасымен бір күннің ішінде тақтайша жаңартылатыны белгілі болды. Сондай-ақ мамандар жарықшамдардың түнгі уақытта жануын да қадағалады.