Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпеден кейінгі ауырсыну – қалыпты жағдай

Екпеден кейінгі ауырсыну – қалыпты жағдай

Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда екпе егілген орында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұлшықеттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Бұл – қалыпты жағдай, уайымдауға негіз емес.

Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін. Мұның бәрі иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вак­цинацияланған адам басқаларға қауіп төн­дірмейді. Дегенмен, дене қызуын 38 градусқа дейін жоғарылатпау ұсынылады. Егер ол одан жоғары көтерілсе, әдетте суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Ең жақсысы – парацетамол. Сирек жағдайларда дене қызуының көтерілуі екі-үш күнге созылуы мүмкін. Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені екеуінің құрамы екі түрлі. Сон­дықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет болмайды. Екінші компонентін мін­детті түрде салдыру керек.

Сондай-ақ, екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүм­кіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің ба­қы­­лауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал. Дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез-келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді.

Соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік Дельта штамм бел­гілерінің таралуы сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етеді. Айта кету керек, екпе егу жұмыстары қазіргі таңда қарқынды түрде жүргізілуде. Жетікөлдіктер де екпенің екі кезеңін қабылдап, өз ден­саулықтарына жеке жауапкершілікпен қарауда. Сондықтан әлі екпе қабылдама­ған ауыл тұрғындарын екпе қабылдауға шақы­рамыз.

Қ.Асанова,
Жетікөл ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктің фельдшері, Жетікөл ауылы бойынша мониторингтік топтың мүшесі
10 тамыз 2021 ж. 378 0