ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ
Қазақстандықтардың әл-ауқатын аттыруда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жыл сайын маңызды бастамаларды көтеріп, түбегейлі шараларды қолға алады. Тиісінше, оларды жүзеге асыру жолдарын көрсетіп, нақты тапсырмаларды жүктейді. Бұл жолы да Елбасы дер кезінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін мәлімдеп, есеп-қисабы мұқият жасалған маңызды бағдарламаны ел назарына ұсынды.
Шынында, мұндай бастамалар қазір ел үшін аса қажет. Өйткені, ең бірінші кезекте жұртты алаңдататыны баспана жайы. Үйің болмаса, күйің болмайтыны анық. Одан кейін салық жүктемесі азайып жатса, тұрғындарға ол да көмек. Ал студенттер жатақханамен қамтамасыз етілгенде жоғары білім алу қолжетімділігі мен сапасы артатыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті кеңейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кез келген адам қолдан келер кәсібін ашуға ниет білдірсе болғаны қолдаушылар қолынан жетектемек. Ал осы тұста Мемлекет басшысы шағын несие беруді тағы да екі есеге көбейтуді тапсырды. Яғни, мүмкіндіктің молайғаны сонша, шағын кәсіпті дөңгелету тетіктері көбейіп отыр. Бесінші «Елді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру» бастамасы да өзекті. Өйткені, газға көшу экологиялық ахуалдың жақсаруына себепші. Және де тұрғындарға да тиімдісі сол. Сондықтан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қазақстандықтар үшін дәл уақытында іске асуға тиісті маңызды шаралар болып отыр.
Енді осы табысты еселеп, ел экономикасына серпін берер бес бастаманың ауданда іске асырылуына шолу жасап өтсек.
Алғашқы бастамада Елбасы әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуды айтты. Ол үшін тиісті жұмыстар бүгінгі күнге дейін де жасалып келеді. Жалпы, өткен жылы республика бойынша 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жетістікке жетуде аймағымыздың үлес салмағы көп. Себебі, соңғы бес жылдың ішінде облыста 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, облыс орталығында тұрғын үйдің апаттылығы бойынша үй кезегінде тұрғандардың мәселесі оң шешімін тапты. Мұндай жұмыстар ауданда да ауқымды.
Негізі, соңғы жылдары ауданда сырдариялықтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі жүзеге асуда. Атап айтқанда, кентке қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында 2 бөлмелі 10, 3 бөлмелі 10, жалпы қатарынан 20 тұрғын үй салынып, тұрғындар қоныс тойын тойлады. Одан бөлек, Сырдария агро-техникалық колледждің жатақханасы қайта жаңғыртылғаннан соң 30 пәтерлік баспананың игілігін кент тұрғындары көруде. Енді Елбасының алғашқы бастамасының іске асырылуы үшін аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермекші. Қазіргі күні ауданда үй кезегінде 358 адам тұр. Олардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы 2461,44 шаршы мерт тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарлануда. Яғни, Тереңөзек кентінің А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысына тұрғын үй кварталы құрылысының инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары басталып кетті. 18 пәтерлі №3 тұрғын үй және 24 пәтерлі №4 тұрғын үйді қолданысқа беру осы жылдың еншісінде. Оған қоса, осы жерден алдағы уақытта 18 пәтерлі №1 және 24 пәтерлі №2 тұрғын үйлер де бой көтеріп жатса, жалпы 84 пәтерлік тұрғын үйлер сырдариялықтардың баспаналы болуын қамтамсыз етпек. Тиісінше, тұрғын үй кезектілігі де азая түсетіні анық.
Екінші бастама жалақысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы қозғағанда Мемлекет басшысы «Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек» деп 2019 жылдың 1 қаңтарынан табыс салығының мөлшерін 10 есеге азайтуды тапсырды. Есептеп қарасақ, 2018 жылға айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2405 теңгені құрайды. Яғни, бұл бастама 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде жалақы алатындарға қатысты деген сөз. Мәселен, 50 мың теңге жалақы алатын қызметкердің жалақысынан ұсталатын табыс салығы, қазіргі кезде, салық салынбайтын табысын және шегерімдерін қоса есептегенде, 1672 теңгені құрап отыр. Келер жылы ол 167 теңгеге тең болады. Демек, мұның өзі тұрғындар шығынының азаюына көмегін тигізбек. Және де салықтан жалтарып жүргендердің өз ісін заңдастыруына мүмкіндік мол.
Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдағы бір сырдариялықтың орташа жалақысы 93920 теңгені құраған. Осыған қарап ауданда жоғарыда көрсетілген жалақыдан төмен алатындар қатары баршылық екені білінеді. Сондықтан аудан тұрғындары осы игі бастаманың тиімділігін көретін болады.
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы жастарға деген үлкен қамқорлық. Қазіргі таңда әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесіне түбегейлі көшу үшін осы мәселені толық шешіп алу керек. Жоғары білім алатын жас жатақханамен қамтылғанда өз білімін жетілдіруге күш жұмсайтыны анық. Әйтпесе, оқуға түскен жастың жатын орнын қамтамасыз етемін деп ата-ана әлек, оған қоса пәтер жалдап жүрген студенттің де мазасы қашатыны сөзсіз. Сондықтан кез келген жоғары оқу орны студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алатындай деңгейде болуы тиіс. Бұл Елбасы қойып отырған талап. Оған қоса, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына көптеген гранттар бөліп, мамандар жетіспеушілігін жою керек.
Ауданда Сырдария агро-техникалық колледжі бар. Колледжде техникалық, ауыл шаруашылығы, тігін, аспаз мамандықтары бойынша жастар білім алуда. Қазіргі кезде оларды жатақханамен қамту толық шешімін тапқан. 2015 жылы колледждің тұрпаты кеткен жатақханасы қайта құрылымдаудан өтіп, 68 орындық жатақханаға айналған еді. Бүгінде онда 46 студент жатып қалаған мамандықтары бойынша білім игеруде. Олар аудан орталығынан алыстағы елді мекендерден келіп, оқып жүрген жастар.
Биылғы жыл – сырбойылықтар үшін кәсіпкерлікті қолдау жылы. Оның үстіне, Мемлекет басшысы өз Үндеуінің төртінші бастамасында шағын несие беруді көбейтуді жүктеді, яғни бұл аймақтағы, оның ішінде ауыл тұрғындарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Мұны «Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді» деп Елбасы өз сөзінде де атап көрсетті. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы – жұмыссыздық, салық төлеу, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін шешудің кілті. Жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі дәл осы шағын және орта кәсіпкерліктің жандануы арқылы пайда болады. Осы орайда, өңірімізде кәсіпкерлікпен айналысатындардың үлесі 22-ден 26%-ға дейін, ал, шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны өткен жылы 5,2%-ға дейін өскен. Ал ауданымызда аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мәліметінше, 2017 жылы 2091 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның жұмыс жасап тұрғаны 1535-ті құрайды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 117,5 пайызға, яғни 17,5 пайызға артық орындалған. Ал осы жылдың қаңтар-ақпан айларында ауданда 52 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Елбасының тапсырмасына орай шағын несие беру ұлғайғаннан кейін және облысымызда жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болғаннан соң бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселеп артып, ауданда кәсіпкерлік дамитынына сеніміміз мол.
Бесінші бастаманының жүзеге асуы да өңірімізде кезегімен іске асырылып жатыр. Мәселен, бүгінде республиканың 50 пайызға жуығы газбен қамтылса, аймағымызда бұл көрсеткіш 63 пайызды құрап отыр. Осыған дейін Қызылорда қаласы және 4 аудан орталығы газдандырылып, Сыр жұртшылығы табиғи газдың рахатын көруде. Енді қалған 3 аудан орталығын газбен қамтуға жұмыстар жасалуда. Оның ішінде, биылғы жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының бойынан Тереңөзек кентін газдандыруға арналған бір автоматты газ тарату станциясының құрылысын бастау шаралары жүргізілмек. Осылайша, бесінші бастамада айтылған елді газдандыру жұмыстары қала, аудан орталықтары, содан кейін елді мекендерге жетіп, республика тұрғындары толықтай табиғи газды тұтынбақ. Мұның өзі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді.
Жалпы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру арқылы қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі жоғарылайды, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел экономикасы еселене түседі. Осыларды тиімді жүзеге асыру тетіктері сараланса, ел халқы маңызды бастамалардың игілігін көрмек. Тек осы бағыттағы жұмыстарды атқаруға жұмыла кіріскен жөн. Тың идеяларға, жаңа бастамаларға көп болып қолдау білдіргенде ғана өз нәтижесін беретіні анық. Бірлікпен жасалған тірлік тындырымды екені айппаса да белгілі.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ