МАҢЫЗДЫ БЕС БАСТАМА...
Елбасы Парламентте өткен қос палатаның отырысында халықтың әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жария етті.
Президент жоғары білім алудың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, әрбір отбасы үшін маңызды – баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру, айлығы шайлығына жетпейтін төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін салық жүктемесін азайту, шағын несие беру көлемін арттыру және елді газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ой – кешелі-бүгін емес, көптен ойында жүргенін айтқан Елбасы, бұл жан-жақты ойластырылған, зерделеніп, мұқият есептелген жоба екенін де жеткізді.
Әрине, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, елдің әлеуетін көтеруге арналған бұл бес бастама-әсіресе, халықтың әлсіз топтары үшін ең үлкен қолдау.
Дана халқымызда «Бір адам бейнеттеніп құдық қазса, мың адам мейірленіп су ішеді»,-деген сөз бар. Сол айтқандай алты алаштың асыл арманын жұдырықтай жүрегіне сыйғызып, оны жүзеге асыру жолында жанкешті еңбек етіп жүрген Елбасының осынау бастамасына шын қуандым. Қайран қазағымның мәртебесін көтеріп, оның қас-қабағын бағып отыратын нағыз азаматтың келбетін көрдім. Яғни, баспана жайы ең маңызды мәселе болып тұрғанда «7-20-25» бастамасы шешуші қадам деп нақты айта аламын. Ал, жоғары білімнің қолжетімді әрі сапалы болуы, салық түсімдерін азайту да ел экономикасын жоғары деңгейге көтереді деп ойлаймын. Сонымен бірге елді газдандыру жобасы, «Қараөзектен» бастау алатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырын жүргізу облысқа қыруар инвестиция әкелсе, жүздеген адам жұмыс қолы ретінде жобаға қатыса алады. Бұл жайлы аймақ басшысы селекторлық режімде өткен аппарат мәжілісінде айтты.
Демек, елді жаппай газдандыру саясатынан Сырдария ауданы да сырт қалмайды. Биыл Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне газ келмек. Ел халқы үшін бұл зор қуаныш.
Сондықтан ел үшін еміреніп тұратын Елбасының бес бастамасы халықтың зор қолдауына ие болуда.
Б.Жылқыбаев,
А.Тоқмағанбетов ауылдық
қоғамдық кеңес төрағасы
А.Тоқмағанбетов ауылдық
қоғамдық кеңес төрағасы