Құрбан айт мерекесіне орай жаңа қаулы шықты
Құрбан айт мерекесі кезінде Қызылорда облысы тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа Қаулы қабылданды. Бұған себеп республика деңгейінде дельта штамының көбейіп тұрғандығы, аурушаңдық деңгейі күннен күнге өсуі. Жаңа қаулыда мерекені атап өтудегі санитарлық талаптардың сақталуы мен бірнеше шектеулер қойылған.
«Құрбан айттың ең негізгі жоралғысы мал шалу болса, оны онлайн режимде өткізуге болады. Былтырғыдай арнайы белгіленген сайт арқылы тапсырыс жасауға болады. Қаулыда айтылғандай, мал союды ұйымдастыруға, өткізуге, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға жол берілмейді. Мал сою және малды өткізу ветеринариялық қызметтін ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдарында ғана ұйымдастырылады. Тоңазытқыш жабдықтардың, рефрижераторлардың және жеке қорғаныш құралдарының қажетті санын қамтамасыз ете отырып, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау және сақтау жөніндегі ветеринариялық-санитарлық ережелер талаптары қатаң сақталуы тиіс», - деді облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Олжабайқызы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, жаңа қаулы 2021 жылғы 17 шілде сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді.