Қызылордада Құрбан айттың алғашқы күні қалай өтті?
Құрбан шалу рәсімі онлайн форматта сайт арқылы жүргізіліп, Қызылорда облысында өтініш берушілердің тізімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің базасымен жасақталды,– Kyzylorda-news.kz.
Құрбан шалуға 41 қой, 30 тоқты, 3 ірі қараға тапсырыс берілді.
Өтініш білдіруші тұрғындардың аумақтық бөліністері аудандардағы мешіттердің имамдарына жолданып, қажетті мекен жайларға ет пен күріш жеткізілді.
Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 20 автоволонтер және басқа да еріктілер құрбандыққа шалынған ет пен 1 тонна күрішті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратты. Қызылорда қаласынан Белкөл кентіндегі «КАЗ ет» қасапханасы құрбан шалу орны болып бекітілді. Бұл қасапхананы құрбан шалуға ниет білдірген азаматтар тауып баруы үшін жолдарға арнайы белгілермен баннерлер қойылды.
Қала және аудандарда белгіленген қасапханалар арнайы ет сақтайтын мұздатқыштармен толықтай қамтамасыз етілген.
Қазіргі кезде облыс бойынша онлайн өтініш берушілердің саны 2310 адамды құрап отыр. Алайда, тізім толығымен сараланып, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайы осал топтарына таратылатын болады.