Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрбан айт мерекесін өткізу барысы пысықталды

Құрбан айт мерекесін өткізу барысы пысықталды

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі – ҚМДБ) жанындағы Ғұламалар кеңесінің кезекті отырысында елімізде Құрбан айт мерекесі ағымдағы жылғы 31 шілде - 2 тамыз аралығында өтетіні белгілі болды.

ҚМДБ еліміздегі пандемиялық жағдайды басшылыққа алып, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Құрбан айт күндерінің қалай өткізетінін пысықтады.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Н.Т. Өтпеновтің Құрбан айт рәсімін өткізуге қатысты арнайы Үндеуін жариялап (24.07.2020ж.), Құрбан айт намазы еліміздің барлық мешіттерінде оқылмайтынын атап өтті.

Республикалық «Зекет» қорының ұйымдастыруымен еліміз бойынша онлайн түрде құрбандық шалуға өтінімдерді қабылдайтын «Qurban2020.muftyat.kz» сайты әзірленді.

Осы жоба аясында құрбандық шалу шаралары қашықтықтан жүзеге асырылады. Ел азаматтары аталған сайт арқылы құрбандық шалуға онлайн режимде тапсырыс беріп, малдың бағасын Kaspi.kz банкы арқылы онлайн түрде төлеу операциясын жүзеге асырады. Онлайн түрде құрбандық шалуға өтінім беретін жеке тұлғалардың анкетасы (аты-жөні, тегі) және малдың атауы мен оның бағасы (қой, ешкі, сиыр, түйе) туралы мәліметтер ұсынылады.

Осы жүйе арқылы құрбандыққа шалған малдың суреті мен бейне түсірілімін емін-еркін көріп, оны жүктеуіне толық мүмкіндігі бар.

Жоғарыда аталғандар негізінде аймақтағы барлық мешіт Құрбан айт күндері жабық болады. Сонымен бірге, құрбан шалу рәсімі онлайн түрде өткізіледі. Сондай-ақ, тұрғындарға құрбандықты өз үйлерінде шалу ұсынылады.
27 шілде 2020 ж. 517 0