Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қызыл аймақта

Қызылорда қызыл аймақта

Эпидемиологиялық жағдайдың күрт өршуіне байланысты Қызылорда облысы кешеден бері «қызыл аймаққа» кірді. Бірақ соңғы тәуліктерде 84 және 110 жаңа жағдай тіркеліп, олардың 80 пайызы симптомды түрімен, ал 50 пайыздан жоғарысы инфекциялық стационарларға жатқызылды. Науқастардың көбі зейнеткерлер, жұмыссыздар және балалар болып табылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова мәлімдеді.

«Стационарларда шілденің басында 585 төсек-орын ұйымдастырылды. 1 аптадан кейін төсек-орын саны 760 жеткізілді. Бүгінге инфекциялық стационарларда 499 науқас ем алуда, жүктемесі 66 пайыз, реанимациялық төсек орындарының жүктемесі 40 пайыз (39 науқас ем алуда). Осыған сәйкес, 930 төсек-орынға бүгіннен бастап көбейтеміз», - деді Балжан Мөрәліқызы.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде медициналық ұйымдар 686 оттегі концентратор, 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф, 66 рентген аппаратымен қамтылған. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда қорғаныс киімдері және дәрі-дәрмектердің тапшылығы жоқ, 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн. теңге қаржы бөлінді.

Айта кету керек, індет күшейген жағдайда инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. 518 орын орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.
Тәуекел тобындағы адамдар қатаң бақылауда. Облыс бойынша 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда, қажеттілік туған жағдайда олардың саны 161-ге жеткізіледі.

Пандемиядан жеңудің бірден-бір жолы тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, яғни вакцина салғызу. КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 70 пайызы вакцинациялаудан өтуі қажет.

Осы ретте, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Бексейітұлы вакцинациялау жұмыстары бойынша баяндады.

«Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірімізге барлығы 408 625 доза вакцина жеткізілген болатын.
1 ақпан-15 шілде аралығында вакцинацияның 1 компонентімен 198 262 адам екпе салдырса (49.5 пайыз), 2 компонент бойынша 110 653 (27.6 пайыз) адам екпе алды. Екпе салдырғандар қатарында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Аймақта КВИ-ға қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған», - деді басқарма басшысы Сәбит Бексейітұлы.

Сонымен қатар, індеттің таралуы отбасылық іс-шаралардан және көпшіліктің жиналуынан байқалуда. Соңғы кездегі науқастардың көбісінің қайдан жұқтырғанын анықтау қиынға түсуде. Яғни, кез-келген адамнан жұғу ықтималдығы жоғары. Карантин талаптары күшейген уақыттан бері карантин талаптарын бұзған 45 дерек тіркелді, оның 13-і Қызылорда қаласы бойынша деді облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев.

Бүгінгі таңда адамдарды вакцинациялау пандемияны жеңуге және карантинсіз қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Ол үшін әр адам карантин талаптарын қатаң сақтау қажет.
16 шілде 2021 ж. 447 0