«Шаған» сауда үйі ашылды

Елді мекендегі ең үлкен сауда үйінде 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған кәсіпкерлік нысанда 13 мыңға жуық тауар қоры жасақталыпты. Өткен ғасырда халық игілігіне жұмыс жасаған дүкен бірнеше жыл тұралап қалған. Тозығы жеткен ғимаратты жаңғырту қараша айында басталған. Бір жылдары ауыл кафесі аталған ғимарат бүгінде танымастай өзгерген. Күні бойы тұтынушыдан арылмайтын сауда үйі шаруашылық тарапынан қаржыландырылған. Дүкенде ет өнімдері де сатылады. Ал халық көп тұтынатын 12 азық-түлік түрін шекті бағада ұсынылуда. Ең бастысы, көпшілік сапалы әрі жаңадан шығарылған өнімге қол жеткізеді.
– Біздің ауылымыз Тереңөзек кентінен кейінгі ең үлкен ауыл саналады. Берекесі тасыған елді мекенде қолжетімді бағада сауда орындарының ашылуы заңдылық. Алдағы уақытта жеміс-жидек пен көкөніс сатуға арналған арнайы бөлім ашылмақ. Күнделікті наубайханамыз нан өнімдерін шығаруда. Жергілікті халықты ыстық нанмен үздіксіз қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Тауар көлемін арттырып, көтерме бағада сату үшін барымызды саламыз. Әркез тұтынушылардың тапсырысына сәйкес жұмыс жүргізілетін болады, – дейді сауда үйінің меңгерушісі Серік Әбдіуәлиұлы.
Айта кетеу керек, «Шаған» сауда үйінің қызметкерлері арнайы киіммен жүруге міндеттелген. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, тауарлардың мерзіміне аса мән беріледі. Бірінен кейін бірі ағылған тұтынушыға жайлы орта сыйлау үшін сауда үйінің қызметкерлері заманауи бағыттағы жаңашылдықтарға иек артып келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ