Ресей президенті облыс әкімін құрмет громотасымен марапаттады
«Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімі Әбдіхалықова Гүлшара Наушақызы Ресей Федерациясы президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды», – делінген Байқоңыр қаласы әкімшілігінің хабарламасында.
Владимир Путиннің атынан дәл осындай награда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Серік Сүлейменовке де табысталды.
Байқоңырдағы Ресей әкімшілігі Әбдіхалықованың марапатталуына байланысты құттықтау жариялады.
«Байқоңыр қаласының тұрғындары Сіздің қамқорлығыңызды үнемі сезінеді, Байқоңырдың өміріне жеке араласуыңыздың арқасында көптеген жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр, ал қала тұрғындары бұл жоғары награданы Қазақстандағы ғарыш саласының өсуіне, бірлескен Ресей – Қазақстан жобаларының жүзеге асырылуына және Байқоңыр қаласын дамытуға жұмсаған үлкен күш-жігеріңіздің бағасы деп қабылдайды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Байқоңырда Серік Сүлейменовті Путиннің грамотасымен құттықтады.
«Байқоңыр қаласының тұрғындары, Төретам және Ақай елді мекендері Сізді қарапайым адамдардың өмірі мен проблемаларына үңілетін зерделі адам ретінде біледі, – делінген құттықтауда, – Сіз «Байқоңыр» кешені Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың табысты үлгісі болып, ал Байқоңыр қаласы Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достықтың символына айналуы үшін көп тер төктіңіз. Байқоңырлықтар қалаға және Байқоңыр кешеніне үнемі назар аударып, ғарыш айлағы проблемаларын шешуге қатысып жүргеніңіз үшін ризашылық білдіреді».