Үйге газ орнату қалтаға салмақ түсіре ме?
Аудан орталығына көгілдір отын берілгелі 3 ай өтті. Осы уақыт аралығында Тереңөзек кентінің ұрғындары үйлеріне газ орнатып, игілігін көруде. Бүгінгі таңда кент бойынша 372 тұрғын үй мен 8 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылған. Осы ретте, газға қосылу қалтаға қаншалықты салмақ түсіретінін таразылап көрелік.
Жобадан қалып қойған үйлерге газ құбыры жетеді
Негізінен, Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2019-2020 жылдары атқарылып, 2021 жылдың 1 ақпанында пайдалануға берілген болатын. Жобаның құны 2 152,9 млн. теңге. Жоба бойынша 11,5 шақырым жоғарғы қысымдағы, 85,2 шақырым орташа қысымдағы жерасты газ құбырлары жүргізілген. 6 дана жоғарғы қысымнан орташа қысымға түсіретін «Газды реттеу пункті» және тұрғын үйлерге 1497 «Газды реттеу шкафтар» орнатылды. Оның ішінде, 1 абоненттік 832 дана, 2 абоненттік 665 дана, барлығы 2162 нүкте бар.
Қазіргі таңда кентте тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз газ жеткізу үшін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесі мамандары қызмет көрсетуде. Мұнда тәулік бойына «109» нөмірі арқылы диспетчер мен авариялық бригадасы жұмыс істеуде.
Аудан орталығын газдандыру жобасы 2016 жылы жасалғаны белгілі. Сол уақытта кент бойынша 2162 тұрғын үйге газ құбыры жеткізіледі деп жоспарланып, жүзеге асырылды. Ал 2016 жылдан осы уақытқа дейін Тереңөзекте жаңадан үйлер салынды, оған қоса кейбір үйлер жобаға енгізілмей қалған. Соның салдарынан қазір 334 тұрғын үй тұсына газ құбыры бармаған. Осы орайда, жобадан қалып кеткен және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырын жеткізу мақсатында құны 143,8 млн теңге болатын жоба әзірленген. Ол жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен 2022 жылға қаржыландырылу үшін ҚР Энергетика министрлігіне ұсынылған. Демек, ұсыныс қолдау тапса, жоғарыда атап өткен тұрғын жайлар да көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Сонымен қатар аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендерді газдандыруға тиісті жұмыстар жасалуда екен.
– Ауданға қарасты Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарын газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 29,7 млн теңге бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша жеңімпаз анықталып, шарт жасалуда, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров. Аталған елді мекен тұрғындары да алдағы жылдарда табиғи газдың пайдасын көруге ниетті.
Бөліп төлеу мүмкіндіктері бар
Тереңөзек кентінде газ құбыры желісін тұрғын үйлерге кіргізу бағытында 6 кәсіпкер өз қызметтерін көрсетуде. Атап айтқанда, «ҚазЭнергоПроэктСтрой», «Жүніс және К», «Шыңғысхан және К», «ҚызылордаГазМонтаж LTD», «КапСтрой Инжиниринг» және «Жәрдем» ЖШС монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Серіктестіктердің жеке тұрғын үйлерді газға қосу қызметі 20 метрге дейін жылыту қазандығынсыз 90-120 мың теңге аралығын қамтиды. Ал 20 метрден асқан жағдайда әр метріне 1,5-2,5 мың теңге аралығында қосымша ақы қаралған. Десе де әр кәсіпкер монтаждау жұмыстарын жүргізуде өз мүмкіндіктеріне қарай жеңілдіктер қарастырған.
– Ауданда газ құбырлары жүргізіле бастағаннан өз қызметімізді ұсынып, монтаждау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінгі күнге дейін кенттегі көптеген тұрғын үйге газ орнатып бердік. Біздің қызметіміз бойынша 25 метрге дейін 110 мың теңге төлейді. Ал одан асып жатса, әр метрі 2000 теңгеден. Біз «Каспий» банк арқылы 12 және 24 айға дейін пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігін жасаймыз. Сондай-ақ 3-6 айға бөліп төлеуді де жүзеге асырудамыз. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға да жеңілдіктер қарастырып келеміз, – дейді «ҚазЭнергоПроэктСтрой» ЖШС директорының орынбасары Дүйсенбек Сарбалақов.
Сонымен қатар «Шыңғысхан және К» ЖШС-нің директоры Қуаныш Әлжанов та тұрғындарға тиімді бағада қызмет ұсынып жатқанын айтады. Яғни, серіктестік жылыту қазандығынсыз 20 метрге дейін 85-90 мың теңге алады. Ал одан асып жатса, әр метрі 2000 теңге болады. Мұнда да 3-4 айға бөліп төлеу қарастырылған. Сонымен бірге «Homebank» арқылы төлеуге де мүмкіндік бар.
Енді орташа бағамен есептеп көрелік, газ құбырынан үйге дейінгі арақашықтық 30 метр болса, оған 115-120 мың теңге төленеді. Оған жылыту қазандығының бағасын қосамыз. Мамандар жылыту қазандығын үйдің көлемінен артық етіп алуға кеңес береді. Мәселен, үй көлемі 200 шаршы метр болса жылыту қазандығын 300 шаршы метрге жуықтатып алған дұрыс дейді. Аталған көлемдегі жылыту қазандығы маркасына қарай 160 пен 200 мың аралығын құрайды. Осыларды есептей келе үйге газ орнату 300-350 және одан да жоғары қаражатты талап етеді. Мұны біреудің қалтасы көтереді, бірінікі көтермейді. Сондықтан кейбіреулер кәсіпкерлер ұсынған жеңілдіктерге жүгінеді. Осыларды бағамдап, қалтаңызға қарай үйге газ кіргізуге қам жасарсыз...
Ердос БЕРКІНБАЕВ