Ауданда «Еркеzhan» қыздар клубы құрылады
«Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз... Мен қанша батыр болсам да, бөтен танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген екен Бауыржан Момышұлы.
«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетуге» қауқарлы әйел затына артылар жүк жеңіл емес. Ал «қызды қырық үйден тыю» – түгел ұрпаққа артылар міндет. Қыз баланың тәрбиесі үлкен маңызға ие.
Осы мақсатта аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қызым – қызғалдағым» атты қыздар арасында ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті. Маңызды шараға ҮЕҰ өкілдері, жас мамандар, жастар ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.
Отырысты ашып берген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова сөз басында:
– Елде төтенше жағдайдың енгізілуі – бұл бұрын-соңды болмаған жағдай, бүкіл халық үшін үлкен сынақ болды. Алғашқыда адамдардың сасқалақтап, абыржып қалғаны рас, – деп елдегі пандемия жағдайын шолып өтті. – Осы кезде біздің белсенділеріміз жең түре іске кірісті. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жастар орталығы аудан тұрғындарына азық-түлік пен өз қолдарымен тігіп бетперде үлестірді, – дей келіп, бұл іс-шаралардың басы-қасында әйелдер қауымы белсенді рөл атқарғанына тоқталды.
Аталған кездесудің басты мақсаты да сол – қыз баласын ұлттық-мәдени байлығымызды танып-білуге тәрбиелеу, аудан жастары арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлттық сана қалыптастыруға атсалысу. Қыз болсын, ұл болсын, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқан «толық адам» болуға ұмтылуға тиіс. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» аулақ болып, «талап, еңбек, терең ойлылық, қанағат, рақым» ойлай жүру – нағыз «толық адамның» сипаты болса керек. Тұтас ұлттың тәрбиесін шағын ауданымыздан бастауға бағытталған іс-шара барысында «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, ардагер-ұстаздар А.Нұртаева, Р.Үмбетаева сөз алып, қыз баланың қоғамдағы орнының маңыздылығына тоқталып, өнерге, мәдениетке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеудің – ұлт алдындағы асыл міндет екендігіне баса мән беріп, атап өтті.
Кездесу қорытындысына қарай А.Мырзахметова ауданымызда «ЕркеZhan» қыздар клубын құруға ұсыныс білдірді. Клубтың бұлай аталу себебі «ерке» қыз баласына тән қылықты көрсетсе, «Zhan» «жанұя» сөзінен деп түсіндірілді. Клубтың мақсаты – нәзік жандыларды әдеп пен сыпайылыққа, инабаттылық пен адамгершілікке, мейірімділік пен қамқорлыққа баулу, тәрбиелеу. Жас жеткіншектерге қыз баланың алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы мен үлкен жауапкершілік тұрғанын ұғындыру. Сонымен қатар бұл бастама қазақ қызына сұлулық пен денсаулықты, саламатты өмір салтының басты қағидаларын, өмірлік қажеттіліктерді үйретуді көздейді.
Кездесу соңында клубқа қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жиналысқа қатысушылар бір ауыздан оң бастаманы қолдап, аудандық білім бөлімінің маманы З.Білісбаева, аудандық полиция бөлімінің қызметкері А.Нұрымбетовалар клуб жұмысын ұйымдастыруға қолдан келгенше көмек көрсететіндіктерін жеткізді.
«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» дейді. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген және бар. Адам ұрпағын тәрбиелеймін десе, әуелі өзін жөндегені абзал. Одан кейін мектеп, қоғам, орта... Тәрбие ошақтары осылай жалғаса береді.
«Қызым үйде, қылығы түзде» дейтін қазақ ата-ана тәрбиесінен бұрын адамның өзінде сана, ой дұрыс болмақ керектігін психология ғылымы пайда болмай жатып-ақ білген. Кісі өз ісін өзі түйсініп, жақсы жағына өзгермейінше, тәуліктеп дәріс оқысаңыз да, пайдасы шамалы. «Адам мінезі өзгермейді» десеңіз, оған да уәжді Абайдан табамыз. «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді хәкім...
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ