Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шай құя білесіз бе?

Шай құя білесіз бе?


Бір тойда күтуші қыз шай сұраған ақсақалға құмандағы шайды сар еткізіп құйып берді. «Мына бала қайтеді-ей, шырылдатып құйған шайы кірдің суындай ғой» деп кейіді әлгі қария. Сосын кесесінің бетін қолымен көлегейлеп, шай ішуден бас тартты.Шай құю-үлкен сын. Кейбіреуі әлгіндей құмандағы суды сар еткізіп құя салады. Құманның шүмегін кесенің ернеуіне тақап құйса, шайдың сырылы да шықпайды. Оны ескере бермейміз. Нақтырақ айтқанда, шай құюға мән бермейтін болдық.
Еліміздің кейбір облыстарында жаңа түскен келінге шай құйғызу дәстүрі бар. Осында үлкен тәрбие жатыр. Үлкендер жаңа түскен келіннің қаншалықты тәрбиелі, епті екенін шай құюынан-ақ топшылай алады. Егер сүт қатқан қою қара шайын бабымен бере білсе, кәрі-жастың ризашылығына бөленесің.
Кейде өзге елге еліктеп, тойда торт кестіреміз. Оның қасында күйеу жігіт, пышағын ұстасып, көмектесіп тұратынын қайтерсің. Күнде торт желінбейді, күнде шай ішіледі. Сондықтан дұрыстап шай құя білуіміз керек. Оны әр қыз бала өз отбасындағы әжесінен, анасынан болмаса жеңгесінен үйренуі қажет-ақ.
Дастарқаннан дәм беру адамдарды бір-бірімен жақындастыра түседі. Қазақ қонақ шақырғанда шай беруге ерекше көңіл бөлген. Шай үстінде маңдайлары жіпсіп, көңілдері жайланған қонақ әңгіме дүкен құрып, маңайындағы адамдармен таныса отырады.
Шайға шақырудың бірнеше түрі болса да, бізде сақталып қалғаны – келіншай және көңілшай дер едім. Жаңа түскен келіннің енелеріне, жасы үлкен сыйлы абысындарына арнайы жайылған дастарқанда шай құйып, қызмет көрсету рәсімін келіншай деп атаған. Шай құйған келін алдымен жасы, жолы үлкен құрметті қонаққа шай кесе ұсынады. Құйған шайының қоюлығы, қаймақ қатқаны қонақтың қалауынша құйылады. Шайының түсі оңып кетпес үшін әлсін-әлсін демдеп отыруы керек. Шай құйған кесені шатастырып алмауы қажет. Шай беру рәсімі аяқталар сәтте жас келінге үлкендер жағы ақ батасын береді. Қандай жарасымды!
Қазір қазан ошақта жүрген әйелдер қонақ күтіп болған соң оңаша отырып, шай ішуді әдетке айналдырған. Оны өздерінше әзіл-шыны аралас «девичник» деп қояды. Бұл дұрыс емес. «Девичник» славян дәстүрінде туысқандары мен дос қыздарының тұрмысқа шығатын қызға ұзатылар алдында жасалатын дастарқаны.
Сонда қазақ әйелдерінің оңашада бас қосып отыратын отырысының атауы жоқ па? Әрине, бар. Мұндай отырыс біздің қазақта ежелден қалған. Бірақ атауы ұмытылып бара жатыр. Әйелдердің бас қосуы «Абысыншай» деп аталған. Ауылдың ерлері мен үлкендері жоқ кезде, әйелдердің қолы жұмыстан босаған сәтте күндізгі уақытта бір үйге жиналады. Жайылған дастарқанда шай ішіп, сырласады.
Шайға шақырудың енді бір түрі – көңілшай. Етжақын адамы қайтыс болған адамның көңілін аулау, жұбату үшін жақын жолдас, құда-жегжат, сыйлас адамдары көңілшайға шақырады. Көңілшай марқұмның жылына дейін беріледі.
Осындай тамаша дәстүрімізден қол үзіп қалмайық!
«Қою қара шайың, Қаймақ пенен майың
Жиналмаған дастарқаның, Ана..», – деген өлеңді құлағымызға құйып өскен ұрпақ едік. Сөзімнің соңын:
Шай ішесің
адамыңмен қалаған,
Шай ішесің
шаршап келсең даладан.
Шай ішесің
аяулы жан анадан,
Бір шәугім шай
дос көңілін жамаған.
Бұл қазағым,
шайқұмар өзі ел еді,
Шай ішіңіз,
десең қонақ ереді.
Бір шәугім шайда
айтылып барлық керегі,
Бір шыны шай
бәрін де шешіп береді, – деген өзімнің өлең жолдарымен аяқтаймын.

Жұлдыз ТОЙБЕК
elana.kz
11 наурыз 2018 ж. 1 388 0