Жаңбыр жауды дегенше, жарық сөнді десейші...
Мемлекетіміз өркениетті елдер қатарына қосылу үшін өзекті деген мәселелер бірінші кезекте шешімін табуы керек. Олардың қатарында жол, ауыз су, жарық секілді адамның қалыпты өмір сүруіне қажетті маңызды мәселелер бар.
Бұрынғымыз қайта келмесін...
Ауданда аталғандардың ішінде ауыз су мәселесі шешімін тапқан. Тіпті, Сырдария тәулік бойына таза ауыз суды 100 пайыз тұтынып отырған бірден-бір аудан екенін атап өткен жөн. Жол мәселесіне келер болсақ, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 92 пайызға жеткен. Яғни, бүгінде ішкі жолдардың 83 пайызы асфальтанған. Демек, жол мәселесі де кезеңімен шешімін табуда деген сөз.
Ал жарықтандыруға қатысты мәселе ауданда өзекті болып тұр. Оны соңғы кездегі жарықтың жиі сөнуінен байқап жүрміз.
Жалпы, бұрындары жарық уақытпен ғана берілді. Оған тұрғындар бейімделіп, барлық тіршілікті сол уақытқа жоспарлап қоятын. Белгілі әзілқой Тұрсынбек Қабатов «Бұрындары жарық уақытпен жанатын. Сол кездері жарық берілгенде бар тіршілікті істеп алатынбыз. Ал жарық сөнген соң барлығымыз шамды пайдаланып, соның аясында отыратын едік» деп әзіл-шыны аралас сол кезеңдерді суреттеген болатын. Қазір шүкіршілік дейміз. Бала күнгідей шамның әйнегін тазартып, түнгі уақытқа шамды әзірлеп жүрмейміз. Десе де соңғы кездері жарықтың аяқасты сөніп қалуы алаңдаушылық тудырады.
– Тіршілігіміз жарықсыз бітпейтіні анық. Соңғы уақыттарда жарық әлсін-әлсін өшіп қалатын болды. Бұрын көшенің жарығы жоқ болғанға шағымданатын едік, енді үйде жарық болмай қалғанда абдырап қаламыз. Өркениетке қарай ұмтылып бара жатқанда жарық бір жанып, бір сөне берсе, жұмысымыз алға баспайды. Бұрынғы күніміз қайта келмесін, – дейді аудан тұрғыны З.Нұрымова.
Электр желілерінің тозығы жеткен
Соңғы кездері дегеніміз айналасы 1 жылдың көлемі. Осы уақыт аралығында жаңбыр жауып, желдің ұйытқуы күшейсе, кейбір көшелер жарықсыз қалады. Тіпті, жуық арада облыс көлемінде бір мезетте жарық болмай қалған кездер де болды. Мәселен, биылғы жылдың 16 наурызында облыс орталығы мен аудандарда жарық өшіп қалды. Бұған қатысты Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «KEGOC» АҚ-ның өкілі ақпарат берді. «Кеше әлеуметтік желілерде «Қызылорда жылу электр орталығында» апатты жағдай орын алды деген ақпарат жалған. Алайда Жамбыл облысындағы «KEGOC» ұлттық операторының 220 кВ желісінде апат болған. Сол себепті оңтүстік өңірлерде жарық сөнді. Қазіргі уақытта шектеу алынды, электр энергиясы қалпына келтірілді. Осы жағдайға байланысты комиссия құрылып, ақаулардың себебін тексеруде» – деді «KEGOC» АҚ-ның өкілі Тілеуберген Қаныбетов.
Енді аудандағы жағдайға тоқталсақ. Негізінен, аудандық электр торабы берген мәліметке сәйкес, ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Соған байланысты 1973 жылы қолданысқа берілген Аманкелді, Шаған, Қоғалыкөл және А.Тоқмағамбетов ауылдық округтеріндегі электр желілерінде электр энергиясының жиі ажырауы орын алуда. Осы ауылдардағы электрмен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы көздері қарастырылып, мәселені шешуге жұмыс істеліп жатыр.
Кезең-кезеңімен жаңарады
Аудандағы жарықтың жиі сөнуіне байланысты аудан әкімі Т.Дүйсебаев кент көшелеріндегі қосалқы станцияларды аралап көрді. Аудан басшысына аудандық электр торабының басшысы Н.Кәкім ақпарат берді.
– Аудандық электр торабына қарасты 10/04 кВ қосалқы станциялар 1968 жылдан бері тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты беруде. Пайдалану уақыты ұзарған сайын қосалқы станция құрылғыларының сапасы төмендеп, тозығы жетуде. Осыған орай Тереңөзек кенті, Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылындағы қуаттылығы әртүрлі қосалқы станцияларды жаңарту қажеттілігі туындап отыр, – деді Н.Кәкім.
Қазіргі таңда аудан көлемінде 155 қосалқы станция болса, олардың 37-і Тереңөзек кентін жарықпен қамтуда. Мамандардың айтуынша, кенттегі қосалқы станцияның 3-ін ауыстыру қажет.
Соңғы кездегі жағдайға байланысты аудан басшысы жарықты сапалы беру керектігін атады.
– Аудан орталығы мен елді мекендерде жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Өзекті мәселені жедел шешуіміз керек. Сондықтан қосалқы станцияларды жаңартуға жұмыс жүргізіп, электр энергиясын тұрақты беру қамтамасыз етілуі тиіс. Қазір Тереңөзек кентінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Жарық болмаса газ пештері жұмыс жасамайды. Сол себепті қосалқы станцияларды кезең-кезеңімен жүйелі түрде жаңарту қажет, – деді аудан басшысы.
Жоспарлы жұмыс хабарланса игі
Жоғарыда айтып өткендей, барлық жұмыс жарыққа тікелей байланысты. Қолдағы «қалтафоннан» бастап, теледидар, компьютер, тоңазытқыштар электр желісінсіз жұмыс істемейді. Кейде жарық «жалп» ете қалып, қайта жанғанда осы құрылғылардың күйіп кетуі әбден мүмкін. Ал оның шығындарына ешкім жауап бермейтіні анық.
Кент және ауылдық округтерде аудандық электр торабы әуе желілерін жаңарту, бағаналарды ауыстыру секілді жоспарлы жұмыстарды жасайтыны белгілі. Сондай шақта мекеме қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін жарық мақсатты түрде өшіріледі. Ал бұл бағыттағы жұмыстардан тұрғындар бейхабар. Жоспарлаған жұмыстарының барлығы бітпей қалып, оның кері әсері де болып жатады.
Осы тұста мекеменің жоспарлы жұмыстары халыққа хабарланып отырса игі. Қазіргі ақпараттық қоғамда әлеуметтік желінің әлеуеті артқан. Осы мүмкіндікті пайдаланып немесе аудандық газет арқылы қай күні, қандай көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетін жөнінде, соған сәйкес жарық сөндірілетіні хабарланса, тұрғындар алдын ала қамданатыны анық. Бұл жарық сөнген шақта көпшіліктің алаңдаушылығын да тудырмайды.
Түйін. Қазір жұртшылық «жаңбыр жауса, жарық сөнеді» дегенді көп айтып жүр. Ал көктем мезгілі жаңбырлы маусым екенін ескерсек, жарықтың сөнуі тым жиілейді ме деген қорқыныш бар. Оған жол берілмесе екен дейміз...
Ердос БЕРКІНБАЕВ