Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ жаңа бағытқа көшті

ҰБТ жаңа бағытқа көшті

Мектеп түлектері үшін жыл сайынғы білім сынағы – Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың да уақыты таяу қалды.  Қызу да­йындық үстіндегі мектеп бітірушілер мемлекеттік грантпен оқуға түсуге екі рет мүмкіндік алады. Биылғы жылы пандемияға байланысты ҰБТ тапсыруда бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров осыған орай тілшінің бірнеше сауалына жауап берген болатын.

– Қалихан Бердіханұлы, биылғы жылы аудан мектептерін қанша оқушы бітіреді? Олардың қаншасы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді? Жал­пы ҰБТ тапсыруда биыл қандай өз­ге­р­істер бар?

– Ауданның білім беру саласы мектеп бітірушілермен үздіксіз дайындық жұ­мыс­тарын жүргізуде. Биыл аудан мектеп­терін 388 оқушы бітіреді. Оның 320 ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. Биылғы жылдың ең басты ерекшелігі – наурыз айынан бастап ҰБТ-ның толықтай компьютерлік форматта өтетіндігі. Сынақ кезінде барлық медициналық-санитарлық талаптар сақталып, әлеу­меттік арақашықтық 1,5 метрден болады. Сондай-ақ «1 тапсырушы 1 камера» жүйесі жүзеге асатанын міндетті түрде ескерген жөн. Бұл артық, тыйым салынған затты пайдалануға рұқсат етілмейді деген сөз. Бейнекамера оқушының смартфон немесе тағы басқа көмекші құралдар қолданғанын қатаң бақылайтын болады. Түлектерге айтатын жағдай, оларды отырғызу тәртібі тура тестілеу алдында белгілі болады. Әрбір тест тапсырушыны тексеретін құрал бөтен қатысушыны бірден анықтайтын қабілетке ие. Оқушылардың қатаң есте сақтайтын нәрсе – тыйым салынған заттар анықталған жағдайда бірден аудиториядан шығарылатын болады.

– Осы уақытқа дейін қағаз жүзінде ҰБТ тапсырған түлектер биыл бірінші рет компьютермен тапсырғалы тұр. Жалпы компьютерлік тестілеудің қандай артықшылығы бар екенін түсіндірсеңіз?

– Алдымен компьютерлік жүйеге ЖСН нөмірді және құпия сөзді енгізгеннен кейін сол сәтте талапкерге бірден жаңа нұсқа шығарылады. Нұсқалар ешбір оқушыда бірін-бірі қайталанбайды. Бұрын жауап парағын бояған кезде қателіктер түзетілмейтін болса, бұл жүйеде, яғни компьютермен тапсырғанда оқушы жауаптарын қайта қарап, түзей алады. Компьютерде Менделеев кестесі, негіздер, қышқылдар мен тұздардың ерігіштік кестесі және калькулятор енгізілген. Мұны барлық оқушы қолдана алады.

Айта кету керек, компьютерлік каби­нетке техникалық қауіпсіздік мақса­тында оқушы өзімен ауызсу алып кіре алмайды. Әрбір кабинетте арнайы диспенсер болады.

– Тест тапсырушы қанша уақыт­та сынақты аяқтау керек? ҰБТ тапсыру уақытында өзгешелік бар ма?

– Өзгеріс жоқ. Барлық тапсыру­шыларға 240 минут беріледі. Тестілеу кезінде 2 минуттық және 15 минуттық үзіліс болады. Ал шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсу­шілер үшін тестілеу уақыты 65 минут. Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалар бойынша оқуға түсушілер үшін 120 минут. Сонымен қатар қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларының ұқсас бағыттарына оқуға түсушілерді қоспағанда орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін 80 минут.

– Шығармашылық емтихан тапсырушыларға қандай талаптар қойылған?

– Тапсырушы 2 пән бойынша тест тапсырады. Оқу сауаттылығы  – 20 сұрақ және Қазақстан тарихы – 15 сұрақ. Уақыт мөлшері жағынан 1 сұраққа 1,5 минут беріледі. Биылғы жылдың өзгерісі – оқушы шығармашылық емтиханды қай жоғарғы оқу орнына тапсырса, конкурс кезінде сол оқу орнын таңдайды.
– ҰБТ-ға тіркеу қалай жүргі­зіледі? ҰБТ қанша мәрте өтеді деген маңызды сұраққа келсек?

– 2021 жылғы ҰБТ қаңтар айында кітапшамен тапсыру арқылы жүргізілді. Енді ҰБТ бірыңғай компьютерлік форматта жүреді. Бірінші кезең наурыз айында өтеді. Оқушы өз еркімен, ақылы, онлайн тіркеліп, тест тапсырып, оқу орнына ақылы бөлімге түсуіне болады.

Ал екінші кезең сәуір-маусым айларында 100 күн бойы болады. Бұл аралықта оқушы тестті 2 рет тапсыруына мүмкіндік алады. Екеуі де грантқа тапсыруға жарамды. Әр тапсырғанда бейінді пәндерді, тапсыру тілін өзгертуіне рұқсат бар. Гранқа тапсыруға тіркеу наурыз айында бас­талады. Тіркелген сәтте бірден тапсыратын бөлімшені, екі датаны және уақытын таңдауға болады. Осыған орай барлық мектепте кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары ұйымдастарылуда.

– Әскери оқу орнына түсу талаптары туралы айтсаңыз?

– Жоғарғы оқу орнындарының ішкі ережелеріне байланысты талаптары да әрқалай. Кейбірі толық 5 пәнді талап етеді. Талапкерлер алдын ала ЖОО-нан нақты ақпарат алуы тиіс. Ол үшін әр оқушы мен ата-ана мектептегі ұстаздарынан, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарынан кеңес алғаны жөн.

– Грантқа құжаттарды қалай тапсырады?

– Құжаттарды онлайн түрде egov.kz электронды порталы арқылы тапсырады. Барлық мектеп бітіруші түлектерге жоғары балл алып, қалаған оқу орнына түсулеріне тілектестігімді білдіремін.

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ




10 наурыз 2021 ж. 796 0