Төтенше жағдай: тосын оқиғадан сақтанған абзал
Өткен аптада №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде аудандық төтенше жағдайлар және №12 өрт сөндіру бөлімінің 2020 жылы 12 айында атқарған жұмысының қорытындысы және биылғы жылдың І тоқсанына қойылатын міндеттері бойынша алқа мәжілісі өтті. Жиынды облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Сайд Молдақараев жүргізіп отырды.
Алқа мәжілісінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрбол Бақтияр өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады.
– Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. 2020 жылдың 12 айында Сырдария ауданы аумағында 145 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 47-ге немесе 32,4 пайыз көбейген. Оның ішінде 42 өрт, 101 өртке жатпайтын жану оқиғасы, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай бар. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің 2019 жылғы 30 қыркүйектегі №252 бұйрығына сәйкес, кез келген өрт оқиғалары төтенше жағдай болып есепке алынуына байланысты Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдай көбейіп отыр. Олардың алдын алу мен жоюға аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервіне 2020 жылға 88 млн. 23 мың теңге қаржы қаралған (2019 жылға 71 млн. 878 мың теңге қаралды). Былтырғы жылмен салыстырғанда 16 млн. 145 мың теңгеге немесе 18,3 пайыз көбейген. Ауданның қауіп-қатер каталогы мен қауіпсіздік паспортына 2020 жылға түзетулер мен толықтырулар енгізілген.
Сырдария ауданында су басу аумағынан қауіпсіз аймаққа орналастыру мақсатында іс-шара жоспары бекітілген. Су басу қаупі бар аймаққа Тереңөзек кенті, Қалжан-ахун, Н.Ильясов елді мекені мен А.Тоқмағамбетов ауылдық округіне қарасты саяжай жатқызылған. Жалпы, халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 8 эвакуациялық жинақтау пункті және 10 эвакуациялық қабылдау пункті бекітілген. Аудан бойынша Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріндегі учаскелерге бекітілген жауапты мекемелер кестесі аудан әкімімен 2019 жылдың 26 желтоқсанда бекітіліп, жауапты тұлғалар мен мекемелер белгіленген (8 – мекеме, учаскілер саны – 9). Бөлім мен жергілікті атқарушы органдарының бірлесіп жүргізген іс-шаралары нәтижесінде, аудан аумағында көктемгі су тасқыны орын алған жоқ. Сонымен қатар қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатында облыстық бюджеттен 40 млн. теңге қаржы бөлініп, «Углесбыт» ЖШС мен Сырдария ауданының «Сламбек» учаскесіндегі қорғаныс бөгетінің 2 шақырым 700 метр жеріне дамбыны күшейту жұмыстары жүргізілді. Күшейту жұмыстарына 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, 5 камаз, 1 «бульдозер», 10 адам жұмылдырылды. «Әйтек» су торабындағы ақауды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 700 млн. теңге бөлініп, 2020 жылдың 10 қазаннан бастап қаржыландырылса, 8 қарашадан бастап қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Өрт қауіпсіздігі саласы бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабына 173 хабарлама келіп түскен. Сонымен бірге төтенше жағдайға байланысты атқарылған жұмыстарды бөлім басшысы қосымша атап өтті. Бұл ретте, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Сайд Молдақараев жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша ұжымға нақты тапсырмалар берді. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған сала мамандарына қызмет барысында салғырттыққа бой алдырмауға шақырды.
Өз кезегінде №12 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Әуелбек Рахмет 2020 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Аудандық №12 өрт сөндіру бөлімінде штат бойынша 36 қызметкер бар. Қазіргі таңда 34 қызметкер, 1 штаттан тыс радиотелефонист жұмыс атқаруда. «Өрт сөндіру-құтқару дайындығы жөніндегі тәлімдемесіне» және бөлімнің ӨСҚД және ГТҚҚ нормативтік жаттығулар кестесіне сәйкес, жеке құрамның жауынгерлік дайындығын көтеру мақсатында жыл басынан бері 38 рет ӨСҚД нормативтік жаттығуы, 23 рет ГТҚҚ нормативтік жаттығуы іс жүзінде жасалған. Оның ішінде 7 рет ГТҚҚ нормативтік жаттығуы тыныс алу аппаратына қосылу арқылы орындалды.
Бүгінде бөлімде 22 газ түтіннен қорғаушы және 10 тыныс алу аппараты, 24 бетперде және 20 ауа балондары бар. Барлығы жарамды күйде. Жылу түтін камерасы және психологиялық от жолағында тыныс алу аппараттарында жаттығуы 2020 жылдың 12 айында жылу түтін камерасында 4 рет, 2019 жылдың 12 айында жылу түтін камерасында 4 рет, яғни өткен жылмен салыстырғанда тең нәтижемен сабақтар өткізілген.
Бөлім теңгерімінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған «Холматро» әмбебап құралы бар. «Холматро» құралын оқытуды және машықтануды жетілдіру мақсатында 2020 жылы 12 айға арналған сабақ кестесі жасалған. Айына 1 реттен іс жүзінде жеке кәсіпкер А.Иманбеков автошеберханасына барып, жеке құрам «Холматро» құралымен жұмыс істеп, машықтанып үйренуде, – дейді бөлім басшысы. Баяндамадағы мәліметке сәйкес, №12 өрт сөндіру бөлімінің бірқатар мәселелері жиын барысында талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник С.Молдақараев сала мамандарына аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Жас кадрларды дайындау мақсатында тиісті шаралар жүзеге асыру жолға қойылуы тиістігін ескертті. Су тасқыны мен суға кету бойынша бірнеше бағытта жұмысты үлестіру көзделген. Өрт оқиғасын азайту үшін кәсіби тұрғыдан негізгі міндеттер сараланды.
Айта кету керек, №12 өрт сөндіру бөліміне заман талабына сәйкестендірілген «Камаз» жүк көлігі базасындағы жаңа АЦ-5-40 өрт сөндіру автокөлігі берілді. Аталған автокөлік аудан бойынша өрт оқиғаларына жұмылдырылады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ