Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бір көлік» шипажайы несімен ерекше?

«Бір көлік» шипажайы несімен ерекше?

Сырдария ауданының білім саласы қызметкерлері Жаңа жылды жақсы жаңалықпен қарсы алған болатын. Ұлағатты ұстаздар қауымына облыстық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Түркістан облысындағы «Бір көлік» шипажайына тынығу үшін жолдама берілген-ді. Олардың қатарында «Сырдария» жас ұстаздар кеңесінің мүшелері, мектеп және балабақшадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары бар.

Өткен жылы «Сырдария» жас ұс­таздар кеңесінің мүшелері облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдас­тыруымен Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдас­тырылған «Үздік жас­тар кеңесі» онлайн байқауына қатысып, «Ұйымшылдық үлгісі» номинациясын иеленді. Соның нәтижесінде, сыр­дариялық жас ұстаздар «Бір көлік» шипажайына бір апта тынығу үшін жолдама жеңіп алды. Жыл қорытындысы бойынша мектеп және бала­бақшадағы бастауыш кәсіподақ ұйы­мы­ның төраға­ларының аталмыш ұйым атынан еңбегі еленді.

– Аудандық білім бөлімі мен кәсіп­одақ комитетінің жанынан құрылған «Сырдария» жас ұстаздар кеңесі 2017 жылдан бері жұмыс жасайды. Кеңеске 18-35 жас аралығындағы ұстаздар мүше екенін айта кеткеніміз жөн. Әр оқу жылының басында арнайы іс-шара жоспары жасалып, оған 200-ден аса жас педагогтар тартылады. Жыл сайын мектепке жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандар ұйым мүшелігіне салтанатты түрде кабылданады. Өткен жылды жақсы нәтижеде қорытындылаған жас ұстаздардың еңбегі зор. Облыс көлемінде өткізілетін кейбір іс-шаралардың басы-қасынан табылған білім саласының білікті мамандары белсенділігімен танылып келеді, – дейді «Сырдария» жас ұстаздар кеңесінің төрағасы Олжас Сақыбеков.

Айта кету керек, білім саласының мамандары «Бір көлік» шипажайында бірнеше бағытта ем-шараларын қабылдап, тынықты. Шипажайда түрлі сауықтыру, мәдени-көпшілік шараларға қатысқан ұстаздарға демалыс орны ерекше серпін сыйлады. Алдағы уақытта ұстаздар бірқатар жаңашылдыққа иек артатын болады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ 
23 қаңтар 2021 ж. 771 0