«Таң нұрындағы» шуақты күндер
Ағымдағы жылдың 4-9 шілде аралығында Сырдария ауданының 30 ұстазынан тұратын топ, оның ішінде мектеп директорлары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдері Түркістан облысындағы «Таң нұры» шипажайына барып демалып қайтты.
Алатаудың бөктерінде орналасқан керемет тынығу орны ерекше ауа райымен қарсы алып, таудан ескен салқын сабат ұстаздар мерейін өсірді. Шипажайдың орналасқан жері де тіптен ғажап. Сан түрлі ағаштар мен жемістер, жұпар шашқан гүлдер, алыстан мұнартып ақ қар жамылған тау шыңдары қиялымызды шарықтатып, ерекше сезімге бөледі. Таудан құлап аққан емдік қасиеті бұлақтың тастай суына жуыну да бір ғанибет. Тауды бөктерлеп сәл көтеріліп, «Пайғамбар ізі» орналасқан тасты көру бақыты да бұйырды. Кеудеңе тасқын күш сыйлайтын таудың биігіне қарай біршамамыз шамамыз жеткенше шығып та, көкірегімізді кере демалып та көрдік. Үйдей-үйдей қойтастар үстіне шығып суреттерге де түстік.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен ұстаздардың жан-жақты дамуына негізделген музыкалық, интеллектуалдық, танымдық, спорттық іс-шаралармен ерекшеленді. Түрлі сайыстарда жеңімпаз танылғанғандарға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитеті атынан естелік сыйлықтар берілді. Тынығу барысында ұстаздар шипажайдан ем алды.
Сонымен қатар «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының музейіне жасаған саяхат та танымымыздың көкжиегін кеңітіп, ұлттық фаунамыз бен флорамыздың саналуандығы һәм байлығы әрбірімізді қуанышты күйге кенелтті. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл алған білім ордалары ұстаздарының демалысын жоғары дәрежеде ұйымдастырған облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты, ұстаздардың жанашыры Р.Байназарова мен қаржылай демеушілік жасаған жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Р.Есеновке аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Суюбаеваға ұстаздар алғысы шексіз.
Бағдат Есназар,
№137 орта мектеп директоры